С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да дәстүрлер жалғасуда – 1 қазан Халықаралық қарттар күні
Бүгінгі қарттарымыз кешегі өмірге шыр етіп келген сәби, ержеткен жас, отау иесі, елін қорғаған ер, айналайын деп басыңнан сипаған ата-ана, бақытты бол деп бата берген бүгінгі ақ шашты аналар мен әкелер. «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел»,- деген дана халқымыз. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да жылда қалыптасқан дәстүр бойынша Халықаралық қарттар күні және Ұстаздар күні үлкен дәрежеде аталынып өтетін.
Бұл күні университет және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағының қолдауымен барша ардагер ұстаздар, қызметкерлердің қатысуымен «Ұстазыма» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Сoncordia» театрында университет әкімшілігі атынан жылы тілектер айтылып, студенттердің, кәсіби өнер иелерінің қатысуымен концерт өткізілетін. Мереке соңында ардагерлерге арнайы мерекелік дастархан жайылып, кәсіподақ атынан материалдық қолдау көрсетіліп, ардагерлер бір-бірімен қауышып, қуанысып қалатын. Енді биылғы жылы пандемияға қарсы күрес карантиніне байланысты университет студенттерінен құралған еріктілер ардагерлерді университет әкімшілігі атынан мерекемен құттықтап, кәсіподақ атынан дайындалған материалдық көмекті тарту етіп қайтты. Ардагерлер университет әкімшілігіне, кәсіподақ ұйымына, еріктілерге рахметін айтып, ризашылықтарын әлі де білдіріп жатыр. Оқу орнымызда көп жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста отырған ардагерлерімізді Халықаралық Қарттар күні және қазан айының алғашқы жексенбісінде аталынып өтетін Ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның исі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші!
Жастар саясаты басқармасы,
ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы