С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «Медициналық журналистика» курсы басталып кетті
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде үстіміздегі 2021 жылдың 8-12 ақпан күндері апталығында «Медициналық журналистика» курсы бойынша семинар өз жұмысын бастап кетті.
Осы жоба ағымдағы жылдың қаңтар айының 21 күні оқу орнымызда жұмыс сапарымен болып қайтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Ғ.Балаеваның бастамасымен қолға алынып, екі жақты өзара іс-қимыл және ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Міне, сол екі жақты ынтымақтастың арқасында «Медициналық журналистика» теория және тәжірбиелік көрсету бойынша оқыту бағдарламасы дайындалған болатын, өз жұмысын осы аптаның соңына дейін жүргізеді. Курс соңында қатысушыларға сертификат табысталатын болады. Медициналық журналистика курсына 50-ге жуық журналистер еліміздің аймақтарынан және Алматы қаласының әр мекеме орталықтарынан, ЖОО-нан қатысуда. Университетте курстың жалпы ұйымдастыру жұмысының толықтай басы-қасында болып жүрген Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы Қ.Б.Карибаевтың басшылығымен деканат қызметкерлері, кафедра оқытушылары, сондай-ақ Медиа коммуникациялар басқармасы, Сервистік техникалық және телекоммуникациялық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері атсалысуда. Семинар курсының ашылуында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры, профессор Т.С.Нурғожин журналистерге бұл бастаманың өте орынды екенін айтып, өмірдің шындығын айту, халық арасына ақиқат ақпаратты дұрыс жеткізуде екі жақты қызмет жасап, өзара достық қарым-қатынастың бұдан әрі дами түсуіне игі тілегін білдірді. Дәрігерлердің шынайы атқаратын жұмыстарымен жақын танысып, клиникалық базаларды көріп, ақ халаттылардың жұмысының қаншалықты жауапты екенін өз көздеріңізбен көретін боласыздар. Бұл жағынан барлық жұмыстар алдын-ала ұйымдастырылды. Осы игі бастама екі жаққа да өз тиімділігін әкелетіні сөзсіз. Университет басшысының тілегінен кейін семинардың бірінші кездесуі ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, РМАТ академигі, Қазақстандағы Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті (ҚРМҚ) «PERSONA» ХДО бас директоры, Репродуктология Халықаралық академиясының президенті В.Н.Локшиннің «ҚР халқының репродуктивті денсаулығы: өзекті мәселелер және этикалық аспектілері» тақырыбымен жалғасын тапты. Ендігі кезекте семинарда қозғалатын тақырыптарды курс аяқталған соң толықтай айтып жазатын боламыз. Екі сала арасындағы ынтымақтастыққа тек қана сәттілік тілейміз.
Жастар саясаты басқармасының
бас маманы С.А.Апсаттарова