С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да өткен «Өссе тілім менде бірге өсемін» атты онлайн мерекелік іс-шара
Ағымдағы 2020 жылдың 11 қыркүйек күні, Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да онлайн мерекелік іс-шара өтті. Аталған мерекелік іс-шара Жастар саясаты басқармасы, Тәрбие жұмысы, білім алушыларды әлеуметтік қолдау, мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру бөлімі және Тілдер кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға стоматология, жалпы медицина, фармация мектебінің 1 курс студенттері, кафедра оқытушылары қатысты. Мерекелік іс-шараның алғы сөзін университет әкімшілігі атынан Жастар саясаты басқармасының бастығы Б.С.Тулетаев құттықтау сөз сөйлеп, жастарға өз ана тілін құрмет тұта отырып, ұлтаралық, халықаралық қарым-қатынас тілдерін қатар меңгеруі қазіргі заманның талабы екенін айтып өтті. Сонымен қатар, Тілдік пәндер кафедрасының оқытушысы Г.А.Унасбаева қатысушыларды Тілдер күні мерекесімен үш тілде құттықтап, бүгінгі күнде өз ана тіліңді білумен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жете білу маңыздылығына тоқталды.
Осы мерекені өткізуде Тілдер кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаевтың жетекшілік етуімен Стоматология мектебінің 07-1-07-2-ші топтарының 1 курс студенттері ерекше белсенділік танытып, мерекелік іс-шараны өздері жүргізіп, Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянына, шығармашылығына кеңінен тоқталып, өлеңдері мен аудармаларын оқыды. Атап айтқанда, жүргізуші болған Сембек Азим, сондай-ақ баяндамалар дайындап, өлең оқығандар: Махмут Дарын, Рысдәулетова Аружан, Мақсұтова Айым, Бажикова Аружан, Искакова Дания, Медерқұл Аружанды ерекше атап өткіміз келеді. Жоғары да аты аталған студенттер университет табалдырығын енді ғана аттап отырса да өздерінің талаптары жоғары, тәрбиелі, білімді екендіктерін айқын көрсетіп өтті. Осындай тәрбиелі, білімді жастарды көргенде ертеңгі күннің болашағына зор үмітпен қарайсың . Осының өзі олардың мектептен, отбасынан алған үлкен тәрбиесі екенін көрсетеді. Адам сапалы білім, тәлімді тәрбие ала білсе, ол қай жерге барса да, қандай да бір білім ордасында оқыса да сол мектеп табалдырығынан алған білімі мен тәрбиесін ары қарай одан әрі ұштай түседі. Міне, осындай жан-жақты білімді, тәрбиелі балаларды бізге дайындап берген, ата-аналарына, мектеп ұстаздарына шын алғысымызды айтқымыз келеді. Осындай жастар біздің университетімізге келіп, білім алып жатқандары да көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Осыдан 1150 жыл бұрын ғұлама ғалым Әл-Фараби «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы»,- деп айтып кеткен болатын. Бұған қарсы не айта аласыз? Ештеңе айта алмайсыз.
Іс-шара барысында Жастар саясаты басқармасының мәдени-шығармашылық жұмыстары бағыты бойынша бас маманы С.А.Апсаттарова М.Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңін оқып берді. Ақынның өлеңінде құдіретті төрт ана туған жері, туған тілі, жан байлығы, салт дәстүрі, туған тарихы жырланған. Осы төрт құндылық әр адамның жадында бірге болса, заманының алды болатынын айтып өтті. Қазіргі кезде ешкімді ештеңемен таңқалдыра алмайсыз. Бүгінгі жалпы интеграция, бәсекелестік, бақталастық, ақпарат легінің лезде таралуы заманында әр ұлт өзінің ғасырдан-ғасырға келе жатқан рухани байлығымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, құндылықтарымен, бай тілімен, озық білімділігімен ғана ерекшелене алады. Осы айтылған құндылықтардың барлығы көздің қарашығындай сақталып ұрпақтан-ұрпаққа толықтырып жеткізіліп отырғанда ғана біз өзімізді сақтап қаламыз. Қазақтың «рухың жығылмасын», «рухың биік болсын»,- деген сөзі осыған саяды.
Естір құлақ, түйер түйсік болса ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан небір асыл сөздері бар. Бірақ, оны біздер күйбең тіршіліктің көлеңкесінде қалдыра береміз, айта берсеңіз ағып жатқан бұлақ.
Мерекелік іс-шараны доцент Т.Қ.Зайсанбаев қорытындылап, барша қатысушыларға, ұйымдастырушыларға, студенттерге рахметін айтты.
Сөзімді түйіндей келе алдындағы айтылған ойларымның бәрі осы Тілдер мерекесінде бас қосуымыздан туындап отырған ой. Мерекелік іс-шараны өткізгеннің өзінде де әншейін өткізе салу керек екен,- деп ойламай, осы басқосуымызда өскелең жастарға бір ой сала алдық па?- деген сұрақ әрқашанда тұру керек. Бұрында ата-бабаларымыз балаларын үлкен жиынға, үлкендер басқосқанда ертіп жүрген, сол ертіп жүргені, үлкендердің айтып отырған сөздерін, ойларын тыңдап өссін, болашақта керегіне жаратсын, білсін, – деген даналықпен қасына ертіп жүр ғой. Енді бүгінгі күнде сол жеткізудің түрлері уақыт талабына сай, заманға қарай өзгеріп отыр. Осындай басқосулар, мерекелік іс-шаралар, кездесулерде айтылған ойлар өскелең ұрпақтың есінде қалады. Кезінде ақын Қадыр Мырза Әли өзінің өлеңін де тілдің құдіреттілігіне мынадай сипаттама берген:
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың елдігің.
Ана тілің арың бұл
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте, – деген болатын. Ақынның осы қысқа ғана өлең жолдарында тілдің құдіреттілігі, маңыздылығы толығымен айтылып тұр.
Сөз қосуды қажет етпейді. Бұл тек қазаққа ғана айтылған ой емес, бүкіл әлем ұлттарына ой салатын өлең шумағы. Алдында айтқанымдай халық айтқан дана сөздер айта берсеңіз бір-бірімен әшейін жалғасып кете беретін ағып жатқан бұлақ. Сондай бір халықтың дана сөзі «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер»,- дейді. Өзіңді-өзің тану әр халықтың өз құндылығынан, рухани байлығынан бастау алатыны сөзсіз.
Жастар саясаты басқармасының
бас маманы С.А.Апсаттарова