С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһармандарымен кездесу өтті
Жалпы алғанда әлем бойынша XX ғасыр тарихи оқиғаларға, өзгерістерге, төңкерістерге толы ғасыр. Оның алдындағы қазақ тарихын, саяси өмірін сөз етпей-ақ қоялық, ол өз алдына жеке тарих. Жиырмасыншы ғасырда Ресей империясын қамтыған саяси оқиғалар Қазақстанға да ықпал етті. Атап өткенде: қазан төңкерілісі, революция, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысының басталуы, жеңісі, қайта құру, тың игеру тағы да басқа көптеген оқиғаларды айта келе, соңында кеңестік дәуірдің ақыры 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісімен ұштасып, Кеңес Одағының ыдырауымен жалғасты. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін басқа да кеңестік одақ ішіндегі елдер де бірте-бірте бас көтеріп, өздерінің Тәуелсіздігін жариялады. Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздікке қарай анық басуымызды нықтап, жол ашты. Жетпіс жыл бойы бар өксігін ішке жинаған халық бір күнде бұрқ ете қалып, ғасырдың соңғы 10 жылдығында қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда өз Тәуелсіздігін жариялады. Баға жетпес Тәуелсіздік қаншама жылдар, ғасырлар бойы ата-бабамыздың, ақ пейілді аналарымыздың жарқын күнді аңсаған асыл арманы еді. Осы күнге жеткенімізге тәубе етіп, көздің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпаққа аманат. Ол дегеніңіз,- рухани асыл дүниемізге берік болу, рухты берік ұстау, ұлттық бет-бейнені жоғалтпау, адаспау, жақсыға еліктеу, білімге ұмтылу, жаңашаның да дұрысын дөп баса білу, өлшемді тең ұстау, ақ пен қараны дұрыс ажырата білу болып табылады. Осы айтылғаннан жаңылмасақ, қараңғыда адаспай жол табатын боламыз. Халқымыздың ғасырлар, жылдар бойы дана билері, шешендері, көрегендері айтып кеткен өсиет сөздеріне мән беріп отыру, сол айтылып кеткен дана ой мен өсиет сөздерді, рухани байлығымызды жаңғыртып үнемі қайталап, жастардың санасына құя беру, бізді ешқашан адастырмайды. Біз жер бетінде жалғыз емес екеніміз белгілі, соның ішінде басқа елдің мәдениетіне еліктей бермей, өзіміздің асыл рухани дүниемізді жоғалтып алмау басты міндет болып табылады, басқаның бірде жылтың еткен, бірде күлгірт тартқан жылтырағына қызыға бермеу, керек десеңіз бізден үлгі алғысы келіп отырғандар аз емес, қызыға қарап отарғандар да жетіп артылады, бірақ соны кейде жете түсіне бермейміз. Салыстырмалы түрде қарағанда біздің озық рухани дүниеміз өте көп. Халқымыз кең даланы, туған жерді, қыран құсты, көк бөріні, жүйрік атты, халықтың бар рухани байлығын, мәдениетін мадақтап, озық дәстүрін өмір бойы жырға қосып келген. Пейіліне қарай тұрағы да кең, еркіндікті қатты қастерлеген рухы биік халықпыз. Осы қайғы артынан қуанышы ілесе келген 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына 8500 -ден астам адам алаңға шығып, әр халықтың басшысы өз ұлтынан болуы тиіс,- деген бейбітшілік шеруінің арты қуғын-сүргін, ұрып-соғу, жала-жауып қудалаумен адам өліміне әкелген қайғылы оқиғаға айналды. Ел Тәуелсіздігін алу осы оқиғадан басталып, ата-бабамыз, аналарымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіз еркін елге айналдық. Булыққан көкірек кеңінен демалып, қыранымыз көк аспанда қалықтап, киелі көк бөрі кең байтақ даланы еркін шарлап келеді. Тек тіл-көзден сақтап, аш көзден аман болсын,- деген тілегімізді айта келе, ел Тәуелсіздігі ұрпақтан-ұрпаққа аманат. Биыл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл, Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуда. Осы орайда С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 2021 жылдың 6-шы желтоқсан күні, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар, бүгінде алпысты алқымдап қалған аға-апаларымызбен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында Желтоқсан ардагерлері Байниязов Бахыт Серікбайұлы, Муратова Тулебике Нурмахановна, Ахметкереева Роза Жумакереевалар сол кездегі орын алған оқиғаларды, көрген қиындықтарын айтып, ой бөлісті. Кездесуге университетіміздің барлық мектептерінен студенттер қатысты. Университет әкімшілігі атынан Корпоративтік даму жөніндегі проректор У.М.Датхаев қонақтарға рахметін айтып, кездесуді ашып берді. Оқу орнымызда көркемөнерпаздар үйірмелері бойынша ән айту, ұлттық аспаптарда ойнау, студенттік театр жұмыс жасайды. Сол үйірмелерге қатысушы студенттер жан-жақты өнерлерін ортаға салып, бар ықылас-рахметін, құрметін өз өнерлерімен білдірді. Осы орайда, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне және Желтоқсан қаһармандарымен кездесуге университетіміздің «Concordia» студенттік театры «Желтоқсан рухы» атты әдеби-музыкалық қойылымды тарту етті. Қойылым жетекшісі Жастар саясаты басқармасының бас маманы С.А.Апсаттарова және режиссері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жас актері Анайрбай Дәуір. Студенттер қойылымы Желтоқсан оқиғасын айта келе, Тәуелсіздікті, еркіндікті жырлаған поэзиямен өрнектеп, композитор Е.Хасанғалиевтің ерекше жігер беретін «Атамекен» әнімен аяқтады. Қойылым соңы концерттік бағдарламамен жалғасып ән шырқалып, күй ойналды. Осылайша студент жастар өз өнерлерімен ертеңгі күннің аманат алушысы, жалғасы екенін білдіріп, тарихты құрметтейтін, елін сүйетін нағыз патриот екендіктерін көрсетіп өтті. Халқымыздың жасаған ерліктері басынан кешкен өшпес тарихы, бар рухани байлығы қайта-қайта айтылып, ұрпақ сабақтастығымен жалғасып отырғанда ғана біздер Тәуелсіздігімізді тұғырлы және мәңгілік етеміз. Ел Тәуелсіздігінің тұғыры берік, көк аспанмен ұштасқан шұғылалы күн астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген көк байрағымыз биіктен желбіреп, әнұран әлем елдерінің төрінде жеңіспен бірге шырқала берсін, елімізді таныта берсін,-деген игі тілегімізді айтамыз.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/с-ж-асфендияров-атындағы-қазұму-да-1986-жы/