С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Құрметті ардагері» Б.А.Бердавлетовпен кездесу кеші өтті.
Ағымдағы 2021 жылдың 15 қыркүйек күні, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ауған соғысының ардагері, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚазҰМУ Алтын медалінің иегері, «ҚазҰМУ Құрметті ардагері» Бердавлетов Бахитжан Абдрашитовичпен кездесу кеші өтіп, өмірбаяны жазылған «Преодоление» кітабының тұсаукесері болды. Автор кітабын университет кітапханасына және студенттерге тарту етті. Кештің ұйымдастырылуына Жастар саясаты басқармасы, университет кітапханасы, деканат қызметкерлері атсалысты. Ардагердің еңбектері мен қызметтегі фотосуреттерінен жинақталған көрме дайындалды. Кездесуде Корпоративтік даму жөніндегі проректоры У.М.Датхаев, Жастар саясаты басқармасының басшысы Е.А.Асқаров, кітапхана басшысы Н.А.Модовов сөз сөйледі.
Кеш иесі өз әңгімесінде кітабының желісімен қысқаша таныстырып, сонау бала кезгі өмірінен күні бүгінге дейінгі өмір жолын, еңбек жолын қысқаша баяндап өтті. Автор XX ғасырда болған тарихи оқиғалармен өмірін байланыстырып, кішкентайынан анасының тәрбиесінде болып, әкесінің отыз жетініші жылғы дүрбелеңде «халық жауы», – деп ұсталынып оралмағанын, ҰОС-нан кейінгі ел жағдайын айтып өтті. Сол «халық жауының» баласы деген желеумен өз елінде медицина институтына түсе алмай, келесі жылы Тәжікстанға барып оқуға түскен. Тәжікстанда оқып жүрген кезінде Алматыға жол түсіп, болашақ жары Сабиля апаймен танысады. Тәжікстан еліндегі оқуын аяқтап, отбасын құрып, ақыр соңында Алматы қаласындағы №1-ші қалалық емхананың хирургия бөліміне жұмысқа орналасады. Емханада жұмыс жасап, 4-5 жылдың ішінде бөлім меңгерушісіне дейін көтеріледі. Осы дәрігерлік өмір жолында профессор М.И. Брякиннің көп көмек көрсеткенін, 1971 жылы Алматы медицина институтының «госпитальдық хирургия» кафедрасына ассистент болып қабылданып, одан соң аспирантурадан өтіп, қазіргі С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 35 жылдан артық ұстаздық қызмет атқарған.Оның арасында 1980 жылы Ауғаныстан еліне кеңес үкіметі кезінде елімізде жинақталған айрықша мақсаттағы «Каскад» отрядына алынып, 1981 жылға дейін әскери медицина саласы бойынша барып қайтқан. Бүгінде «ҚазҰМУ Құрметті ардагері» Бахитжан Абдрашитович Тәуелсіз еліміздің жастарымен кездесіп, өз өмір жолын баяндап өтті.
Автордың өмірбаяны жазылған кітабында өмірде кездескен қиындықтарға еш мойымай, тек қана алға қарай ұмтылғанын, мақсат еткен армандарын орындап, үлкен өмір соқпағын жүріп өткенін байқаймыз. Сол үлкен өмір жолында қиындығы мен қуанышына шыдап, өмірбаяны, еңбек жолы жазылған кітабын жастармен бөлісудің өзі, бір адам үшін үлкен бақыт. Осы мақсатқа жету белестерінен өткен әңгімесі бүгінгі жастардың алға қарай батыл ұмтылуына, жігерленуіне, намысқа тырысуына, дұрыс жолды көрсетіп бағыт алуына үлкен үлгі.