С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ұжымы Юрий Пяның жеткен жетістіктерін мақтан етеді
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Бақылау кеңесінің төрағасы, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя өкпені ауыстырып салу отасын сәтті жасады. Ота қыркүйектің 24-не қараған түні жасалып, 10 сағаттан астам уақытқа созылған. Өкпеге жасалған ота отандық медицинадағы бірегей саналатын хирургиялық араласудың түрі болып саналады. «Бұл тыныс алу мүшелерінің күрделі ауруымен ауыратын қазақстандықтарға ота жасауға жинақталатын тәжірибенің бастамасы екенін көрсетеді», – деп хабарлады Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының қызметкерлері.
Өкпені ауыстырып салу отасы өкпенің буллезды эмфиземасымен (ХОБЛ) ауырған 67 жасар науқасқа жасалған. Соңғы сегіз жыл бойы науқас үй жағдайында оттегімен жасанды қолдау көрсету жағдайында болған. Қазіргі уақытта науқас өз бетінше демала алады, оның жағдайы қалыпты деп бағаланып отыр. Науқасқа Павлодар облысында қайтыс болған адамның органдары донор болған. «Өз еркімен донорлыққа келісу, адамдардың адам өмірін сақтап қалуға дайын болуы адамгершіліктің керемет мысалы бола алады. Донор болған отбасы мүшелерінің жасаған игі исі құрмет пен алғысқа лайық», – деді орталықтың басшысы Юрий Пя.
Пя Юрий Владимирович қазақстандағы үздік хирургтардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда көптеген ауыр да бірегей оталар жасап келеді. Ол өзінің Чехиядан келген әріптесі Ян Пиркпен бірге 2012 жылы тамызда Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында Қазақстанда тұңғыш рет созылмалы жүрек сырқатына шалдыққан пациентке донор жүрегін ауыстырып салды. Бұл отандық медицинадағы үлкен жетістіктердің бірі болды. Юрий Владимировичтің бұл тамаша жетістікке өзінің бүкіл саналы ғұмыры бойы зор еңбегімен қадам басып келе жатыр деп айтуға болады.
Юрий Владимирович еңбек жолын 1981 жылы Н.И.Пирогов атындағы Екінші Мәскеу мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң интерн ретінде Тула қалалық ауруханасында бастаған. Одан кейін 1982-1984 жылдары Фрунзе қаласындағы №3 балалар ауруханасында еңбек етті. 1984-1985 жылдары Қырғызстанның республикалық клиникалық ауруханасында, 1985-1994 жылдары Қырғыз Республикасы Денсаулық министрлігі жанындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығында кардиохирург болды. Содан кейін Түркияда қызмет етіп, кардиологиялық қызметті ұйымдастыру мақсатында Қазақстанға келеді. Бүгінгі таңда ол Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығын басқарады.
Отандық денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірген Юрий Пяның жетістіктері ескерусіз қалған жоқ. Ол 2006 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2011 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталып, 2012 жылы Республика патриоттарының V жалпыұлттық форумында «Жыл патриоты» атанды. Юрий Владимировичке «Жыл дәрігері – 2012» аталымында «Алтын адам – Человек года» ұлттық сыйлығы табысталды. Сонымен қатар 2012 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі