ТЖ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУДІ ҮЙРЕНЕДІ
Алматылық 1300 төтенше жағдай мен полиция қызметкері алғашқы медициналық көмек көрсету дайындығынан өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ұйымдастыруымен қолға алынған бастама тегін. Төтеншеліктер екі ай бойы түрлі дене жарақатын таңу, жүрек талмасына ұшыраған адамға жәрдем көрсету, суға тұншыққан адамның өмірін сақтап қалу сынды маңызды машықтарды меңгереді.
Өрт сөндіруші Ерсін Күзембай тренингке бар ынтасымен кірісті. Симуляциялық орталықтың тәжірибелі дәрігерлері оған тұншыққан адамды құтқару амалын көрсетті. Ол үшін манекен қолданылады. Массаж жасаудың да өз әдіс-тәсілі бар. Кеудені минутына 80–100 рет жиілікте басу керек. Бұл – өмірде кез келген сәтте қажет болатын құнды тәжірибе. Ерсін Күзембай, өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
– Әр шақыртуда әртүрлі жағдай болып тұрады. Сол себепті мынау алғашқы көмек бізге бірден-бір қажет. Зардап шеккен адамдарға міндетті түрде алғашқы жедел жәрдем келгенінше көмек көрсетуге міндеттіміз.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/647622-tzh-zh-ne-politsiya-yzmetkerleri-meditsinaly-zh-rdem-k-rsetudi-jrenedi
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс