«Туған тілім – тірлігімнің айғағы …»атты әдеби-танымдық кеш
21 қыркүйек 2018 жылы сағат 12.00-13.00 аралығында университеттің «Даңқ залында» «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай Тілдік пәндер кафедрасы (жауапты оқытушылар: Т.Қ.Зайсанбаев пен Б.Н.Канленова), «Нұр-Отан» бастауыш партия ұйымы, Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, ортопедиялық стоматология кафедрасы және кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Туған тілім – тірлігімнің айғағы …»атты әдеби-танымдық кеш өтті.
22 қыркүйек – «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі – еліміздегі тіл саясатының жарқын көрінісі. Қазақстан Республикасы – барлық ұлттар мен ұлыстардың тілдерінің, дәстүрлерінің сақталуына барынша жағдай жасап отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет. Бұл – ұлтаралық татулықты ең бірінші орынға қойып отырған Елбасымыздың сындарлы саясатын көрсетеді.
Кеш қонағы Алматы қаласы Әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Қалымбет Бақыт Әбиірұлы Қазақстан республикасындағы тіл саясатына тоқталып, Елбасымыздың еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың тілдерін, дәстүрін сақтау жолында атқарып отырған еңбектеріне тоқталды.
«ҚазҰМУ-ға еңбек сіңірген қызметкер», «ҚазҰМУ-дың құрметті ардагері», Қазақстан Республикасындағы Неміс тілі Ассоциациясы мен Гете институты жанындағы ғылыми қоғамның мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сүлейменова Оран Яхметқызы жаһандану заманында көп тіл білудің, әлемдік тілдерді оқып-үйренудің маңыздылығын ашып көрсетті.
Кеш барысында студенттер тіл туралы өлеңдер оқып, туған жер, Отан жайлы әндер айтты. Стоматология мектебінің 1 курс студенттері Төлеуханова Камила, Аманбай Мәншүк, Мавлюдова Линара үш халықтың үш ұлы ақындары Гетенің, Лермонтовтың, Абайдың өлеңін үш тілде оқыды. Ұлы Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударған осы өлеңіне ән де шығарған. Бұл әнді Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы орындады.
Кешті С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ, «Нұр Отан бастауыш партия ұйымының» төрағасы, проф. Құлмамбет Исатай Әзімұлы қорытындылады. Ол еліміздегі тілт саясатын жүзеге асыруда және ұлттық тілдер мен мемлекеттік тілді қолдауда «Нұр Отан партиясы» қандай жұмыстар атқарып жатқанына тоқталып өтті, сондай-ақ университетіміздегі «Нұр Отан» бастауыш ұйымының медицина ғылымының мемлекеттік тілде дамуына қосып жатқан үлесі туралы да айтып берді.
Кеш барысында С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ кітапхана ұжымы «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмені ұйымдастырған анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі Елекенова Салтанат Абдуллақызы мен кітапханашы Омарова Нұргүлдің еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Олар ұйымдастырған кітап көрмесі осы кештің тақырыбын аша түсті. Бұл орайда университетімізде өтіп жатқан тәрбие жұмыстарының барлығына кітапхана ұжымы әрқашан белсене араласатынын баса айтқымыз келеді.
Тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент Бақтыбаева Аннель Тлеумағамбетқызы осы кешті өткізуге белсене атсалысқан студенттерге алғыс айтып, арнайы грамоталармен марапаттады.
Кеш алға қойған мақсатына толық жетті деп сеніммен айтуға болады.