Түркі дүниесі елдерінің VII Халықаралық Конгресі (Шашыраңқы склероз мәселелері бойынша)
2025 жылдың 30 қазанынан 1 қарашасына дейін Алматы қаласында өткен Түркі дүниесі елдерінің VII Халықаралық Конгресі өз жұмысын аяқтады. Бұл іс-шара түркі әлемі елдерінен келген жетекші мамандарды, ғалымдарды және пациенттік ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Конгрестің басты мақсаты – шашыраңқы склерозды зерттеу, диагностикалау, емдеу және оңалту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ әртүрлі ел мамандары арасында тәжірибе алмасу болды.
Түркі дүниесі елдерінің дәстүрлі халықаралық конгресінің идеялық демеушілері мен басты ұйымдастырушылары – Конгрестің теңтөрағалары Prof. Dr. Şeref Demirkaya, Prof. Dr. Hüsnü Efendi, ҚР неврологтар қауымдастығының президенті, профессор Нургужаев Е.С., С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т., сондай-ақ Конгрестің ғылыми хатшысы, Ыстамбұл Медицина ғылымдары университетінің Еуразиялық денсаулық және әлеуметтік ғылымдар орталығының директоры Dr. Aynur Feyzioğlu.
Конгрестің ашылу салтанатында ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Қойков В.В., Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Ахметова Ж.К., С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры Калматаева Ж.А., ЖММ-2 факультетінің деканы Шопаева Г.А. құттықтау сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың, тәжірибе алмасудың және заманауи әдістерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Конгреске Түркия, Солтүстік Кипр, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Башқұртстан елдерінің өкілдері, сондай-ақ Молдова мен Ресей Федерациясынан келген қонақтар қатысты. Конгрестің бағдарламасы неврологиядағы өзекті мәселелер мен шашыраңқы склерозды емдеудің мультидисциплинарлық тәсілдеріне арналған пленарлық отырыстарды қамтыды.
Қазақстан атынан еліміздің жетекші мамандары, әсіресе С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының ұжымы қатысты: кафедра меңгерушісі, ҚР ДСМ бас неврологы Туруспекова С.Т., профессор, ҚР неврологтар қауымдастығының президенті Нургужаев Е.С., доценттер Нуржанова Р.Б., Алмаханова К.К., Мухамбетова Г.А., Атантаева Э.Б., ассистент профессор Цой Р.Т.
Сондай-ақ форумға еліміздің түрлі өңірлерінен келген мамандар қатысты: Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының неврология, психиатрия және психология кафедрасының меңгерушісі, Түркістан облысының бас штаттан тыс неврологы Жарқынбекова Н.А., Астана Медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі Есжанова Л.Е., Астана қаласының шашыраңқы склероз және аутоиммундық аурулар орталығының меңгерушісі, бас штаттан тыс невролог Сыздыкова Б.Р., Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының аталған орталығының жетекшісі Евстафьева Н.А., М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі Хамидулла А.А., С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың физикалық медицина және оңалту кафедрасының меңгерушісі Избасарова А.Ш., Алматы қаласы ҚДСБ-нің бас штаттан тыс реабилитологы Сейданова А.Б., University Medical Center профессоры, м. ғ. д., невропатолог дәрігер Куанова Л. Б.
Форум барысында ерте диагностика, инновациялық терапия әдістері, науқастарды оңалту және өмір сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңа зерттеулер мен клиникалық бақылаулардың нәтижелері таныстырылып, бірлескен ғылыми жобаларды дамыту келешегі талқыланды.
Биылғы конгресте алғаш рет спикерлердің баяндамаларын түрік және орыс тілдеріне синхронды аудару үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылды. Тыңдаушылар аударманы телефондағы қосымша арқылы немесе онлайн қатысушылар үшін экрандардағы жүгіртпе жол (субтитр) арқылы тыңдай алды. Бұл тәсіл шамамен 3 мың қатысушы үшін жоғары деңгейдегі интерактивтілік пен ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етті.
Түркі дүниесі елдерінің VII Халықаралық Конгресі шашыраңқы склероз саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың, білім мен инновация алмасудың және заманауи технологияларды медициналық тәжірибеге енгізудің жарқын үлгісі болды. Конгресстің ұйымдастыру комитеті келесі VIII конгресті Түркияда өткізу туралы шешім қабылдады.
Келесі кездесу – Ыстамбұлда өтетін конгрессте!













