«Тәуелсіздік дәуірі» Ғылым: ел дамуына қосылған нақты үлесі» атты конференциясы өтті
2018 жылдың 14 наурыз күні қалыпты анатомия кафедрасының және ҚазҰМУ Этикалық Кеңесінің ұйымдастыруымен М.Мәметова атындағы аудиторияда «Тәуелсіздік дәуірі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияны қалыпты анатомия кафедрасының меңгерушісі доцент Н.С.Ахмад жүргізді. Конференцияға «Жалпы медицина», «Стоматология», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Фармация» деканаттарынан, тәрбие бөлімінен қонақтар келді. Конференцияны Этикалық Кеңестің төрайымы, құрметті профессор Ж.Ғ.Мұстафина сөз сөйлеп ашты. Ол жеке адамды дамыту арқылы еліміздің болашағы жарқын болатынын, тек біліммен ғана алдыңғы қатарлы ел бола алатынымызды атап өтті. Одан кейін қалыпты анатомия кафедрасының профессоры Т.М.Досаев анатомия пәні бойынша сабақ беру кезіндегі инновациялық заманауи әдістер туралы қызықты презентациясын ұсынды. Профессор Т.М.Досаев адам денесінде жаңа бір ағзаның ашылу мүмкіндіктері туралы айтқанда студенттер ерекше қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды. Келесі кезекте сөз берілген қалыпты анатомия кафедрасының профессоры Д.Е.Жаныбеков студенттердің білімін смартфон арқылы тексеру әдістерін қызықты етіп баяндап берді. Соңғы баяндаманы қалыпты анатомия кафедрасының аға оқытушысы Л.А.Искакова жасады. Ол еліміздің рухани дамуы үшін ислам дінінің маңызы зор екенін айта келіп, Құран мен ғылымның сөзі бір жерден шығатынын бірнеше сүренің мағынасын түсіндіру арқылы дәлелдеп берді. Студенттер конференциядан үлкен әсер алып, өздері үшін көптеген жаңа мәліметтерге қанық болды.