Т.Дүйсенова медициналық сақтандырудың негізгі қағидаларын түсіндірді
Отырыста сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) енгізу ҚР денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратынын атап айтты.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, МӘМС жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар арасындағы бәсекелестікті күшейту және медициналық қызметкерлердің кәсібилігі мен жалақысын арттыру арқылы медициналық қызметтің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында медициналық ЖОО-ға зор жауапкершілік жүктеледі. Кадрлары даярлау жүйесі денсаулық сақтау ұйымдарының жаңа жағдайда тиімді қызмет етуін қамтамасыз етуі керек. Медициналық қызметтердің сапасы мен МӘМС жағдайындағы жалпы денсаулық сақтау жүйесі мен әрбір емхананың бәсекеге қабілеттілігі – медициналық қызметкерлерлің кәсіби даярлығы мен біліктілігіне тәуелді болмақ. Осы тұрғыда сіздердің университеттеріңіз ұлттық оқу орны ретінде жаңа бастамаларды жүзеге асыру шараларында көшбасшы болып, жетекші академиялық және зерттеу орталығына айналуы тиіс», – деді ол.
Сонымен бірге, министр университеттің халыққа қызмет көрсету саласында практикалық денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды екенін атап айтты.
«Университеттің клиницист профессорлары мен доценттері қатардағы дәрігерлерден шын мәнінде жоғары болып, өз тәжірибесі негізінде студенттер, интерндер мен резиденттерді оқытуы маңызды. Мысал ретінде Алматы қаласында орналасқан біздің ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты атауға болады. Аталған интеграция практикасын енгізуді әрі қарай жалғастыру керек. Барлық медициналық ЖОО түлектері шын мәнінде әлемнің және еліміздегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңдағы талаптары мен шарттарына сай болуы біз үшін зор маңызға ие», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.