Университеттің студенттік үкіметінің төрағасын сайлау
2016 жыл қазан айының 27 күні Даңқ Залында C.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттік үкіметі төрағасының сайлауы өтті. Студенттік үкіметтің төрағасы дауыс беру арқылы 2 жылда бір рет сайланады.
Осы жылы сайлауға барлық факультеттерден мандат бойынша 200-ге жуық студент қатысты. Сайлаудың модераторы УСҮ экс-төрағасы Е. Бөріхан өзі атқарған жұмыстары жөнінде сайлаушылар алдында есеп берді. Экс-төраға өз сөзін қорыта келе жаңадан сайланатын УСҮ төрағасына және студенттік ұйымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Университеттің Студенттік үкіметі төрағасына үміткерлікке жалпы медицина факультетінің студенттері Солтанай Жәнібек пен Тілеубек Нұридін тіркеліп, өздерінің сайлауалды жұмыстарын жүргізген болатын. Үміткерлер жайында айта кетсек, Солтанай Жәнібек 1–ші курстан бастап көшбасшылық қабілетін көрсетіп, университеттің, факультеттің қоғамдық-мәдени жұмыстарына араласып жүрген белсенді студенттердің бірі. Сондай-ақ жалпы медицина факультетінің Студенттік үкіметінің төрағасы қызметін атқарды.
Тілеубек Нұридін–жалпы медицина факультетінің 4 курс студенті,«KazNMU Students»студенттік ұйымының төрағасы,университет мерекелік іс-шараларының ұйымдастырушысы ретінде белсенділігін көрсеткен.
Сайлаушылар алдында үміткерлер бағдарламаларымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, үміткерлер арасында LD (Линкольн-Дуглас) форматында «Әлемді біріктіретін құндылық» тақырыбында дебат ойыны өткізілді. Екі үміткерде өздерін УСҮ-нің төрағасы болуға лайықты екеніне көз жеткізді. Дауыс бюллетеньдері сайлау комиссиясы мүшелерінің және тәуелсіз куәгерлердің қатысуымен ашық түрде саналды.
Сайлау қорытындысы бойынша дауыс басымдылығымен Университет Студенттік үкіметінің төрағасы болып жалпы медицина факультетінің 3 курс студенті Солтанай Жәнібек жеңіске жетті.
2016-шы жылдың 8-ші қараша күні жаңадан сайланған Университет Студенттік үкіметінің төрағасын ұлықтау рәсімі өткізіледі.