Университет белсенділері Жас Отанның IV съезіне қатысты
2018 жылдың 28-29 наурызы аралығында Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының «Жаңа әлемге жол саламыз» атты кезекті IV съезі өткізілді. Бұл съезге шақырту алып, университет белсенділері атынан Университеттің Студенттік Үкіметінің төрағасы, «жалпы медицина» мектебінің 4 курс студенті Солтанай Жәнібек және білім алушылар кәсіподақ ұйымының төрағасы, магистрант Бөріхан Ерболат қатысты. Съезд «EXPO- 2017» халықаралық көрмесіне орай салынған «Конгресс орталықта» өткізілді. Алматы қаласынан 58 делегат, жалпы республика бойынша 600-ға жуық делегат сайланды. Іс-шара барысында, барлық делегаттар 5 негізгі сессияларға бөлініп, кейс шешу, жоба әзірлеумен айналысты. Біздің студенттер «Салауатты ұлт» сессиясында белсенді қатысып, әрбір берілген топтардың «Team leader» болып сайланып, кейстердің шешімі мен жобаларын барлық қатысушылардың алдында қорғады. Сонымен қатар еліміздің денсаулық сақтау саласының мамандары ҚР денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Бекшин Ж.М., Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Шарман А.Т., «Қазақстан темекі түтінінен азат» коалициясының жетекшісі Садыкова Ж.Ж., жастармен кездесіп, түрлі тақырыптарда лекциялар оқыды. Съездің 2-күні гала-форум ұйымдастырылды. Құрметті қонақтар қатарында: Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Абдыхалықова Г.Н., «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ашимбаев М.С., «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Сүндетбаев Д.М., ҚР президенті аппаратының қызметкерлері, министрлер, депутаттар, ЖОО-ның ректорлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.