Университет білім алушылары ата-аналарының бірінші форумы өтті
2018 жылы 16 мамыр күні алғаш рет Университет қабырғасында жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен білім алушылардың ата-аналар форумы болып өтті. Жиынға 100-ден аса білім алушылардың ата-аналары және университет профессор-оқытушы құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Форумның мақсаты бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлау барысында университет профессор-оқытушы құрамы, білім алушылар және олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнату арқылы, ынтымақтасып, кеңесе отырып жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін пікір алмасу.
Университет ректоры Талғат Нургожин құттықтау сөзінде заман талабына сай білім беру үдерісінде жасалынып жатқан өзгерістерге тоқталып, ата-аналардың жастар өміріне белсенді түрде тығыз араласып, дұрыс бағыт-бағдар беру барысында комитеттің жүргізетін жұмыстарының маңыздылығына басты назар аударды.
Ата-аналар комитеті жұмысының басты талабы отбасылық құндылықтарын сақтап, әр ата-ананың балалары алдында жауапкершілігін арттыра отырып жоғары оқу орнымен бірлесе жұмыс атқару.
Жиында сөз алған спикерлер келген қонақтарға білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, білім алушыларды жан-жақты тәрбиелеу жұмыстары мен олардың өзін-өзі басқаруының дамуы жайында ой бөлісті.
Форум отбасылық құндылықтарды сақтай отырып және оларды насихаттау, отбасылық және қоғамдық тәрбие мәселелерін бірлесе талқылау мақсатында университет өкілдері мен ата-аналар арасында өзара түсінсістік пен қарым қатынас орнату үшін алғаш рет бір алаңда бас қосты.
Ата-аналар білім алушылардың оқудағы жетістіктері, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыру туралы ақпараттармен танысты.
Жиын соңында қарар қабылданды.