Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында Ғылым күніне арналған ашық тәрбие сағаты өтті
12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Ғылым күні. Бұл күні ғылыми орта өкілдері өз кәсіби мерекесін атап өтеді. Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында тәрбие жұмысы аясында «12 сәуір – Ғылым күні» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Бұл күн Қазақстандағы ғылыми қызметті ұйымдастырудың негізін қалаған адамның – академик Қ.И. Сәтбаевтың туған күнімен байланысты. Ол 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті болып тағайындалып, оны басқарды. Ғылымда өшпес із қалдырған, көптеген ізбасар тәрбиелеген тұлға.
Ғылым – адамзаттың қозғаушы күші. Мемлекет ғылымды дамыту үшін көп іс атқарып жатыр. Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауының арқасында физика, химия, биология сияқты түрлі ғылым салаларында оң өзгерістер орын алды. Фармация мен медицина салаларында да негізгі ғылыми бағыттар жоғары қарқынмен дамуда.
Ғылым күні фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында ғылымға үлес қосқан ғалымдарды, фармацевтика ғылымдарының докторларын, профессорларды тану күні ретінде аталып өтеді: Р.Д. Дильбарханов, Е.Т. Тегісбаев, А.С. Бейсенбеков, Э.М. Бисенбаев, А.У. Төлегенова, Т.Б. Байзолданов, Р.А. Омарова. Олар С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің ғылымын дамытуға зор үлес қосты. Бұл ғалымдардың жетістіктері үкіметтің жоғары марапаттарымен бағаланды. Олардың миссиясы – Инновациялық университет миссиясына сай ғылыми-зерттеу және мәдени әлеуетті қалыптастыру.
Қазіргі таңда фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында ғылым бірнеше бастамашылық тақырыптар аясында дамып келеді:
– «Дәрілік заттарды жасаудың теориялық және эксперименталдық аспектілері» (мемлекеттік тіркеу нөмірі №0123РКИ0401).
– «Жаңа қосылыстарды іздеу және олардың фармакологиялық белсенділігін in silico әдісімен бағалау».
– «Емдік-профилактикалық тіс пастасын жасау технологиясы» (мемлекеттік тіркеу нөмірі №0123РКИ0425).
Кейбір тақырыптар бойынша фармацевтика ғылымдарының докторы Бошкаева А.К.-ның жетекшілігімен 2 бастамашылық жоба жүзеге асырылуда.
Кафедра бастамашылық тақырыптарының зерттеу мақсаты – физика-химиялық қасиеттері мен биологиялық белсенділік профилі қабылданатын жаңа химиялық қосылыстарды мақсатты түрде алу үшін теориялық негізделген стратегияны жасау және әлеуетті дәрілік кандидаттарды әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге бағыттап эксперименттік түрде дамыту. Бұл – жаңа дәрілік заттарды модельдеудің перспективті бағыттарының бірі, компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып жүзеге асады.
Қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде барлық салада, соның ішінде ғылымда да стратегияларды іске асыру форматтарының ұзақмерзімді даму үрдістерін зерттейтін foresight – болашаққа көзқарас процесі мен технологиясы дамып жатыр.
Форсайттық зерттеулердің негізгі бағыты – жаңа дәрілік заттарды жасау:
- Бірінші буын – шағын молекулалар (вирустарға қарсы тиімді дәрілер; АИТВ-ға қарсы; жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған; қабынуға қарсы; онкологияға қарсы; эпилепсияға қарсы дәрілер). Шағын молекулалар – молекулалық массасы төмен дәрілер (<900 а.е.м), қазіргі фармацевтиканың дамуы осылардың жаппай өндірісінен басталды. XIX ғасырда жасалған алғашқы дәрілер осы топқа жатады, бүгінде қазіргі дәрі-дәрмектердің шамамен 90%-ын құрайды.
- Екінші буын – биопрепараттар (гормондар; ферменттер; моноклоналды антиденелер; иммундық онкология препараттары). Бұл – белсенді заты тірі жүйелер арқылы өндірілетін және биотехнологиялық әдістер арқылы алынатын дәрілер.
- Үшінші буын – озық терапиялар (гендік терапия; жасушалық терапия). Бұл – жасушалық және гендік технологияларға негізделген инновациялық емдеу әдістері. Олар тірі жасушалар немесе генетикалық конструкциялар болып табылады және организмдегі процестерді бұрын-соңды болмаған дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы молекулалық модельдеу, молекулалық докинг салаларында жаңа дәрілік заттарды дамыту бойынша ғылыми бағыттарды жетілдіруде (белсенді орталықтардың құрылымы, олардың ингибиторлармен әрекеттесу ерекшеліктері зерттеледі). Жаңа дәрілік заттарды жасаудың заманауи әдістері – кванттық химия әдістері, биологиялық белсенділікті анықтау әдістері және т.б. меңгеріліп жатыр.
Бұл күнге арналған ашық сабақ фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ғылыми бағыттарына студенттердің қызығушылығын арттырады. Әрбір студентке, магистрант пен PhD докторантқа зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беріледі, бұл болашақ ғылымды дамытуға жол ашады.
Ғылым күні – білім өндіруге елеулі үлес қосатын, дамуға ықпал ететін және Фармация мектебінің барлық кафедраларын жаһандық бәсекелестікке бейім ететін маңызды күн.