Фармация мектебі студенттерінің «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығының мамандарымен мотивациялық кездесуі
2025 жылғы 31 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Фармация мектебінің 3 және 4 курс студенттері үшін «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығының жетекші мамандары — Елена Тихоновна Чакрова және Андрей Николаевич Гуринмен мотивациялық кездесу өтті.
Іс-шара өндірістік және диплом алдындағы тәжірибе аясында ұйымдастырылып, студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтуге, қазіргі радиофармацевтикаға деген қызығушылығын арттыруға және ядролық медицина саласындағы болашақ қызметіне дайындықты күшейтуге бағытталды. Айта кету керек, «Радиофармацевтикалық препараттар өндірісінің негіздері» пәні фармацевтикалық технология кафедрасында меңгеруші Г.О. Устенованың жетекшілігімен табысты енгізілген.
Кездесу барысында мамандар ядролық медицинаның дамуындағы заманауи бағыттар, радиоизотоптар мен радиофармацевтикалық препараттарды өндіру технологиялары туралы баяндап, бұл саланың денсаулық сақтау үшін өзекті екенін атап өтті. Арнайы назар радиофармацевтикалық құралдарды өндірудің жаңа әдістеріне, сондай-ақ радионуклид генераторы, радионуклид прекурсорлары және химиялық прекурсорлар сияқты негізгі кәсіби терминдер мен ұғымдарды талқылауға аударылды.
Жас қатысушылар сарапшылардың сұрақтарына белсенді жауап беріп, пікірталастарға қатысу арқылы жоғары мотивация мен жаңа білімді меңгеруге деген ұмтылыстарын көрсетті. Іс-шара оқу процесінің маңызды бөлігіне айналып, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға және радиофармация саласында кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Фармация мектебінің деканы З.Б. Сакипова ҚазҰМУ мен Ядролық физика институты арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, дуальды оқыту мен заманауи технологияларды оқу бағдарламасына енгізу перспективаларына тоқталды. «Радиофармацевтикалық препараттар өндірісінің негіздері» пәнінің енгізілуі және бұл бағытта сабақ беруге профессорлық-оқытушылық құрамды дайындау оқу бағдарламасының жетілдірілуін және оны қазіргі фармацевтикалық саланың талаптарына сәйкестендіруді көрсетеді.
Жалпы алғанда, бұл іс-шара білім беру және ғылыми-өндірістік салалар арасындағы байланысты нығайтуға, білікті мамандарды даярлауға, сондай-ақ студенттердің радиофармацевтика саласындағы практикалық білімін кеңейтуге ықпал етті. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ядролық медицина мен фармацевтикалық ғылымды дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
Бұдан бөлек, радиофармацевтика және радиофармацевтикалық препараттар өндірісі саласындағы мамандарды даярлауға арналған жаңа магистрлік білім беру бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда. Осы мақсатта жұмыс берушілердің, профессорлық-оқытушылық құрамның, Фармация мектебінің білім беру бағдарламалары комитетінің, университеттің магистратура және докторантура бөлімінің басшылығының және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізу көзделіп отыр. Бұл іс-шараның мақсаты — бағдарламаның талаптарын айқындап, оның өзектілігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.













