Шекарасыз гастроэнтерология: Орталық Азия бір ғылыми алаңда
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов еліміздің жетекші гепатологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Александр Нерсесов басқаратын гастроэнтерология кафедрасы ұйымдастырған Х Орталық Азия гастроэнтерология апталығының ашылуына қатысты.
Апталық бағдарламасы ас қорыту жүйесінің микробиотасы мен иммундық жүйе өзара байланысының молекулалық механизмдерінен бастап, жаңа эндоскопиялық технологиялар, дербестендірілген терапия және гастроэнтерологиядағы цифрлық шешімдерге дейінгі кең тақырыптарды қамтиды. Бұл бағыттар қазіргі медицинаның басымдықтарын айқындайды – инновация, ғылымдардың тоғысуы және пациент өмірінің сапасына қамқорлық. Форум аясында әлемнің 12 елінен келген жетекші гастроэнтерологтар, зерттеушілер мен дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы ас қорыту жүйесі аурулары елдегі өлім-жітімнің 8,3 пайызын құраған, яғни 8 мыңнан астам адамның өмірін қиған.
– Ас қорыту ағзаларының аурулары созылмалы сырқаттар мен өлім себептерінің ішінде алдыңғы қатарда. 2018 жылдан бері Крон ауруына шалдыққандар саны үш есе, ал ойық жаралы колитпен ауыратындар екі еседен астам артты. Бұл тек диагностиканың дамуы емес, сонымен бірге өмір салтының өзгеруін де көрсетеді: қозғалыстың азаюы, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, фастфуд пен энергетикалық сусындарды, алкоголь мен темекіні көп тұтыну – бәрі де ас қорыту жүйесіне салмақ түсіреді, – деді Марат Шоранов.
ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасы елімізде маман даярлаудың негізгі орталықтарының бірі саналады. Кафедра ашылғаннан бері 148 гастроэнтеролог дәрігер дайындалды, олардың көбі аймақтардағы жетекші бөлімшелерді басқарып, бас штаттан тыс мамандар ретінде еңбек етіп жүр. Соңғы жылдары университет 71 жаңа гастроэнтерологты түлетіп шығарды. Қазір кафедрада 1-курс резиденттерінің 11-і және 2-курс резиденттерінің 20-сы білім алуда. 2025 жылы тағы 24 түлек еліміздің медициналық қауымына қосылды.
Ғылыми бағдарлама аясында медицина ғылымы мен тәжірибесіне елеулі үлес қосқан мамандарға арналған “Alma Mater” сыйлығы табысталды.
– Біз ауруды емдеуге емес, алдын алуға ұмтылуымыз керек. Ерте диагностика, профилактика және инновация – заманауи медицинаның басты бағыты, – деп түйіндеді сөзін Марат Шоранов.