Шетелдік ғалым Қазақстанда COVID-19-дың шарықтау шегі қашан болатынын болжады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті «COVID-19 кезіндегі алғашқы медициналық санитарлық көмектің рөлі» атты ғылыми конференция өткізді. Онлайн сұхбат алаңына шетелдік мамандар коронавируспен күресте жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кету керек, ғылыми конференция академик, ғалым Қазақстан Тағамтану институтының президенті Төрегелді Шармановтың 90 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды.
Сессия барысында АҚШ-тағы Денсаулықты бағалау және көрсеткіштер институтының директоры Кристофер Мюррей баяндама оқыды.
Американдық ғалым COVID-19 Қазақстанға қатысты болжамын айтты.
Кристофер Мюррей COVID-19 болжамын модельдеумен айналысады. Оның модельдеу жұмысы бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып отыр.
Кристофер Мюррей АҚШ тағы COVID-19 100 пайыздық ықтимал моделін жасап шығарған.
Осы мақсатта ол күнделікті шығып жатқан науқастар санына, өлім жітім көрсеткішіне, әр елде енгізіліп жатқан шектеу шараларына қатысты мағлұмат жинап жатыр.
Кристофер Мюррейдің болжауынша, әлемде аурудың шарықтау шегі 1 ақпанда болмақ.
Қазақстанда вирустың белсенді таралуы 2021 жылдың наурызында болады.
«Жаһандық деңгейде 1 ақпанда COVID-19-дан болатын өлім күніне 30 мыңға жетеді деп отырмыз. Еуропада 100 адамға шаққанда өлім көрсеткіші 7500 болады. Қазақстанда аурудың шарықтау шегі шілдеде болды. Қыста бұл көрсеткіш кешірек ақпанның аяғы, наурыздың басында болады деп болжап отырмыз», – деді Кристофер Мюррей.
Сарапшы әлем елдеріндегі мобильділік картасы туралы айтып берді.
Бұл графика ұялы байланыс операторларының мәліметтері бойынша жасалған. Динамикалық көрсеткіште адамдардың карантинге дейінгі қозғалысына қалай қайтып келе жатқаны көрсетілген.
Қазақстан бұл картада қызыл түспен көрсетілген.
Яғни, елдегі адамдардың көшіп қону қарқыны әлі де төмен екенін көрсетсе керек.
Әсіресе, Орталық Қазақстан халқы тәртіпті ұстанып келеді.
«Қазақстан әдеттегі көрсеткішпен салыстырғанда 10 пайыз ұстап тұр. Мәселен Ирландияда қазір қозғалыс 35 пайызды көрсетіп тұр. Орталық Азияның көп елдері, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде әлі де сол пандемияның шарықтау шегіндегі қозғалыс көрсеткіші сақталған», – деді Кристофер Мюррей.