ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен «Биоэтика және жаһандық әлеуметтік трансформациялар» атты II Бүкілресейлік халықаралық конференция
2024 жылғы 27–28 маусым күндері Ярославль қаласында ЮНЕСКО қамқорлығымен «Биоэтика және жаһандық әлеуметтік трансформациялар» атты II Бүкілресейлік халықаралық конференция өтті. Бұл конференция білім, ғылым және мәдениет салаларында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыратын БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі – ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұйымдастырылды. Конференцияда 80-нен астам баяндама ұсынылып, 1000-нан астам қатысушы тіркелді.
Конференцияның мақсаты биоэтиканың теориялық және практикалық мәселелерін шешудің жолдарын ұсыну, инновациялық ғылыми зерттеулерді жүргізуге және технологиялық егемендікті қамтамасыз етуге ықпал ету. Ресей, Беларусь, Қазақстан, Бразилия, Үндістан, ҚХР, Непал, БАӘ және ОАР елдерінің ғалымдары денсаулық сақтау, білім беру және ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектті енгізуге байланысты этикалық мәселелерді талқылады.
Пленарлық отырыста форум қатысушыларына Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі, Ресей СІМ-нің көпжақты гуманитарлық ынтымақтастық және мәдени байланыстар департаменті, Ярославль облысы үкіметі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымына қатысушылар қауымдастығы, Ресей православ шіркеуі және басқа ұйымдар өкілдері құттықтау сөзін сөйледі.
«Бүгінде ғылыми қауымдастықты толғандыратын көптеген мәселелер қарастырылып жатыр, олардың ішінде жасанды интеллект (ЖИ), нейротехнологиялар, биосинтетикалық биология, жаңа фармацевтикалық әзірлемелер бар. Әрине, технологиялардың озық дамуына байланысты туындайтын этикалық мәселелер мен тәуекелдерді талқылау өте маңызды», – деді өз сөзінде ЯГМУ ректоры, РҒА академигі, профессор А.Л. Хохлов.
Негізгі талқылау алаңдары «Нейротехнологияларды енгізудегі этикалық мәселелер», «Ғылыми зерттеу тәжірибесінде жасанды интеллект пен мобильді технологияларды қолдану этикасы», «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын реттеу мәселелері», «Әлеуметтік дискурстағы биоэтикалық мәселелер», «Генетика, синтетикалық биология және биоэкономикадағы этикалық мәселелер» атты тақырыптарға арналды.
Сонымен қатар, клиникалық фармакологтардың «Шілде шықтары» атты семинары өтті.
С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ атынан неврология кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т. мен ассистент-профессор, PhD Цой Р.Т. дайындаған «Денсаулық сақтаудың цифрлық трансформациясы – 60 жастан асқан адамдар үшін: биоэтикалық және практикалық аспектілері» тақырыбындағы баяндама ұсынылды. Баяндама аудиторияда үлкен қызығушылық тудырып, қызу пікірталасқа себеп болды.
Сондай-ақ конференцияға Қарағанды медицина университетінен ішкі аурулар кафедрасының доценті, НАО МУК биоэтика жөніндегі жергілікті комиссия төрайымы Вистерничан О.А. «Зерттеу жобаларына этикалық сараптама жүргізудегі мәселелер. Ынтымақтастық мүмкін бе?» атты баяндамасымен қатысты.
Конференцияда М.В.Ломоносов атындағы ММУ философия факультетінің білім философиясы кафедрасының меңгерушісі, «Биоэтика» магистратура бағдарламасының жетекшісі Брызгалина Е.В. «Технологиялардың дамуы жағдайындағы биомедицинадағы зерттеу этикасы» тақырыбында баяндама жасады. Спикер ЖИ-мен жасалған ғылыми нәтижелерге байланысты негізгі қауіптердің бірі – «дәлелді бұзу» (proof hacking), яғни жалған зерттеу деректерін қоғамдық пікірге немесе ғылыми консенсусқа стратегиялық әсер ету үшін пайдалану екенін атап өтті. Жасанды интеллект әзірлеген, шын мәнінде болмаған зерттеулерге арналған мақалалар шынайы ғылыми еңбектерден айырмашылығы жоқ деуге болады.
Ол ЖИ ғылымда қолданылған жағдайда, кез келген қажетті нәтиже бойынша жасанды деректер базасын – аты-жөнімен, жасымен, биомаркерлік бөлінісімен жасай алатынын нақты мысалмен түсіндірді. Бұл – жаңа этикалық сын-тегеурін. Осыған байланысты ғылыми адалдық, жауапкершілік пен өзін-өзі бақылау – этикалық қағидаларды сақтаудың негізгі шарттары болып қала береді. Ресей ғылым академиясы жаңа сын-қатерлер мен ғылыми-технологиялық даму талаптарына сай ғылыми зерттеулер этикасы жөніндегі кеңес құрды.