Ғибратты ғұмыр
2017 жылдың 26 желтоқсанында «Даңқ залында» Жастар саясаты басқармасы, Халықаралық медицина факультеті, кітапхана ұжымы және Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценттері Т.Қ.Зайсанбаев, Ф.Б.Қожахметова, осы кафедра оқытушысы А.Р.Абдыхалықова жазушы, аудармашы, теолог, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толуына орай «Ғибратты ғұмыр» атты-әдеби-танымдық кеш өткізді.
Ғұлама ғалым, жазушы, аудармашы, діни ағартушы ұстаз Халифа Ғақыпұлы Алтай 1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістан аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген. 1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргін кезінде Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған қазақтарға ол жерлерде де тыныштық болмаған соң, 1950 жылдары Гималай асып көшуіне тура келді. Бұл көш 1951 жылы Үндістанның Кашмир өлкесінен бір-ақ шығады. Ол жерде тұрақтай алмаған қазақтар Пәкістанға қоныс аударады.
Х.Алтай 1953-1954 жылдары Пәкстандағы қазақтардың Түркияға көшуін ұйымдастыруға белсене қатысады. Бауырлас түрік еліне барған соң тыныштық тапқан Х.Алтай шығармашылықпен айналысады. Шығыс Түркістаннан Түркияға дейінгі азапты сапар туралы «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолыға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты өмірбаяндық кітаптар жазады.
Араб-парсы тілдерін жетік білген ғұлама ғалымның «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» «Қысқаша ислам тарихы» «Ғибадатул ислам», «Құран әліппесі және имамның шарттары», «Иманшарт», «Ғылымхал» (Діни қағидалар), «Таңдаулы хадистер» секілді еңбектері мұсылман дінінің негізгі қағидаларын көпшілік қауымға түсіндіруде және халықтың діни сауатын ашуда баға жетпес еңбектер болды.
Кеш қонақтары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бибігүл Мыңбайқызы Сұлтанова, Нұр Мүбарак Ислам мәдениеті университеті, Жалпы университетттік гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, т.ғ.д. Досымбек Қатран, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметері Ерболат Баят Х.Алтайдың еңбектерін әр қырынан сипаттап, оның қазақ халқы үшін атқарған қызметтерін барынша ашып көрсетті.
Дұшпанға бағынғысы келмей, Алтайдай «асқар асу, шұрайлы белдерін» тастап көшкен елдің ата жұртқа деген сағынышын сипаттайтын «Ағажай Алтай» әнін Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев орындады.
Ауылым көп Алтайдан жерім қалды,
Асқар асу шұрайлы белім қалды.
Туған жерден айырылған қиын екен,
Қарай-қарай мекенге көзім талды, – деп келетін шумақтар еріксіз көзге жас алдырады.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметері Ерболат Баяттың нақышына келтіріп орындаған «Бұл өлке» әні де тыңдаушыларды тебірентті.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Этикалық Кеңесінің» төрайымы, профессор Мұстафина Жанар Ғабиденқызы. Бұл әдеби кештің тәрбиелік мәні ерекше екеніне тоқталса, Патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Ахметов Жауғашты Байназарұлы мұсылман діні мен медицина ғылымы арасындағы байланыстар туралы қызықты ойларын ортаға салды.
Кешті қорытындылаған Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Абдуллина Зәуреш Абдрахметқызы бұл әдеби кештің маңыздылығына тоқтала келіп, кеш қонақтарына, Жастар саясаты бөлімі, Студенттердің өзін-өзі басқаруын және шығармашылығын дамыту бөлімінің жетекшісі Апсаттарова Салтанат Айкенқызына және Стоматология факультетінің 1 курс студенті Жумабаев Қажымұқанға алғыс білдірді.