Ғылыми орталықтың жаңғыруы: Б. Атшабаров атындағы ІҚМ ҒЗИ қайта жаңартылған корпусының ашылуы
2025 жылдың 11 сәуірінде, Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Б. Атшабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының (Б. Атшабаров атындағы ІҚМ ҒЗИ) қайта жаңартылған корпусының ашылғанын қуанышпен хабарлайды.
Аталған корпуста Виварий, Медицина және қоғамдық денсаулық сақтау орталығы, Неврология және қолданбалы нейроғылымдар ғылыми-білім беру орталығы, Фармация және фармакология орталығы, сондай-ақ Ғылым департаменті сынды ІҚМ ҒЗИ-ның негізгі ғылыми және білім беру бөлімшелері орналасатын болады.
Институт ҚазҰМУ-дағы ғылым мен инновацияларды дамытудағы маңызды орталықтардың бірі болып табылады және тек студенттерді ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулерге белсенді түрде қатысатын оқытушылар құрамын да тартуда.
2009 жылы ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің шешімімен институтқа – Қазақстан Республикасының көрнекті денсаулық сақтау қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бахия Атшабаровтың есімі берілді.
Қайта жаңғыртудан кейін институттың жұмысын қайта бастау – университеттің ғылыми өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл оқиға іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы белсенді ғылыми қызметтің жаңғыруының символына айналып отыр. Сонымен қатар, бұл ҚазҰМУ-дың білім беру базасын жаңғырту және университет кеңістіктерін жаңарту бойынша ауқымды жоспарларының жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.
ҚазҰМУ өміріндегі осы маңызды оқиғаға куә болып, университетіміздің тарихындағы жаңа кезеңнің бір бөлігі болуға баршаңызды шақырамыз.