Қазақстанда КВИ-ге қарсы ревакциналау науқаны мерзімінен бұрын басталады
Елімізде ревакцинация қараша айының аяғында бастау жоспарланған болатын
Коронавирусқа қарсы екпені қайта алу індетті жеңуге септеседі. Бұл туралы иммунологтар мәлімдеп отыр. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты ревакциналауды бастау қажеттігін мәлімдеді. Бұл ұсынысты вакцинологтар да құптап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде ревакциналау науқанын қараша айының аяғында бастау жоспарланған еді. Алайда қайта егуді тездету қажеттігі туындап отыр.
Себебі, елде екпе алу қарқыны жоспарға сай жүзеге аспай жатыр. Эпидахуал бірқатар өңірде тұрақталғанымен, күнделікті 30-ға жуық науқас коронавирустан көз жұмады. Бұл туралы Мемлекет басшысы хабарлады. Ал вакциналау науқаны басталғалы бері жалпы халықтың 40 пайызға жуығы ғана егілді. Ел азаматтарының алғаш екпе алғанына 9 ай болыпты, демек, қайта егілетін уақыт жетті. Сондықтан ревакциналауды бастау қажеттілігі туындап отыр. Вакцинологтардың айтуынша, COVID-19 вирусына қарсы екпе адам ағзасын сол уақыт аралығында ғана вирустан қорғап, иммунитет қалыптастырады. Ал белгілі мерзім өткен соң антидене мөлшері төмендеп, қайтадан ауырып қалу ықтималдығы жоғарылайды екен.
«Штамдар мутацияға ұшырап жатыр. Осы себептен иммунды жауапты қайтадан белсенді ету керек. Ол алғашқы вакцинацияға, вирустың циркуляциясына байланысты. Егер вирус толығымен элиминацияланып, көбеюі тоқтаса, онда ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Немесе мутацияланып барып, қауіпті емес түрге де өтіп кетуі мүмкін. Онда вакцинация қажет болмайды. Бірақ қазіргі таңда бұл пандемияны тоқтату үшін осындайға баруға мәжбүрміз», – деді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.
Індеттің бетін қайтаратын екпе екені рас. Дегенмен, ревакциналау мәжбүрлі түрде жүрмейді. Ал Алматы қаласының тұрғындарын иммундау шарасы белсенді жалғасып жатыр. Қазір мегаполисте індет бәсеңдеді. Бірақ жұқпалы респираторлы вирустық инфекция белең алып барады. Бұл туралы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Дәл осы диагнозбен 1 қыркүйектен бастап мегаполисте 74 мыңнан аса науқас тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 18 мыңға жетпеген еді. Осы ретте эпидемиологтар алматылықтарды барынша сақ болып, тұмауға қарсы вакцина алуға шақырды. Себебі, коронавирустың белгілері тұмауға ұқсайды. Ал тұмау – иммунитетті төмендетіп, COVID-19 вирусын жұқтыру мүмкіндігін арттырады.
«Қалада коронавирусқа қарсы иммундау науқаны жалғасуда. Алматыда ұжымдық иммунитеттің деңгейі 55,2% құрайды. Оның ішінде вакцинаның екі компонентін де 47,2% адам алған. Ал 8%-ы – жыл басынан бері ауырып, жазылғандар. Бізге вакциналау қарқынын тағы да арттырып, иммундық қабаттың деңгейін көтеру керек. Ол үшін халықтың 80 пайызы егілуі қажет», – деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Қазір қалада енді ғана тұрақталған эпидахуалды ушықтырып алмау – күн тәртібінде тұрған түйткіл. Соған қарамастан, ережені елемейтіндер де бар. Осылай Ashyq қосымшасы арқылы карантин режимін бұзған 2800-ден аса тұрғын анықталып отыр.
Сәдуақас Байғабыловтың мәлімдеуінше, уақытша үйде оқшауланған алматылықтардың басым көпшілігі тәртіпті жиі бұзады екен. Онымен қоймай, қоғамдық орындар мен сауда орталықтарына кіруге тырысады. Жалпы, сәуір айынан бері 10 мыңнан аса тұрғыннан «қызыл» мәртебе, 1300 адамнан «сары» мәртебе анықталған. Одан бөлек, мониторингтік топтардың жұмысы да күшейтіліп, 44 нысанда 4 мыңнан аса заңбұзушылық тіркеліпті.
«Егер кәсіптік нысандар Ashyq қосымшасында көшбасшы болса, олардың көптеген мүмкіндігі бар. Яғни, келушілер қатарын арттыра алады және бір бөлмеде көп адамның отыруына рұқсат етіледі. Одан бөлек, жұмыс уақыты да ұзарды», – деді қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева.
Дегенмен, желтоқсан айында қалада коронавирустың өршіп кетуі мүмкін. Себебі күн суыды, тұмау да дендеп барады. Ал бүгін ел бойынша тағы да 1396 науқастан COVID-19 вирусы анықталды.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы