Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалаудың жаңа әдісі енгізіліп жатыр
«Бұдан былай өкпе обырын анықтауда төмен дозалы компьютерлік томографияның артықшылықтары басым», – дейді мамандар.
Алматыда өткен бірінші Орталық Азия форумында көршілес елдермен қатар Еуропа және АҚШ-тан келген 500-ге жуық маман өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау мәселелерін талқылады. Олардың айтуынша, елде жыл сайын өкпе обырының төрт мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Соның 60%-і аурудың кеш сатысында анықталады.
Диляра Қайдарова, профессор, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ бірінші проректоры:
– Төмен дозалы компьютерлік томография бүгінде бүкіл әлем елдерінде енгізіліп жатыр. Біз бұл әдісті тәжірибеде қолдандық. Пилоттық жоба нәтижесінде соңғы сатыда, симптомсыз өткен қатерлі ісік анықталды. Кейбір науқастар өзінде ондай диагноз бар екенін де білмеген.