Қазақстанда қанша балалар дәрігері бар
Биыл елімізде 629 интерн-педиатр мамандар дайындалып шыққан. Бұл туралы ҚазҰМУ-да өткен «Дені сау бала — ұлт болашағы»атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында айтылған болатын. Конференция ҚазҰМУ-дың «Университет күндері» аясында ұйымдастырылған болатын. Бүгінде еліміздегі үздік медициналық жоғары оқу орны өзінің 89 жылдығын атап өтуде.
ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин атап өткендей, университетте үлкен қарқынмен білім және ғылым интеграциясы жүргізілуде.
«Қазіргі таңда университет толық масштабты трансформациядан өтуде. 2018 жылы ҚазҰМУ құрылымына бес жетекші қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары берілді. Жоғары кәсіби мамандарды даярлаудағы қойылатын талап одан да жоғары көтерілмек. 2019-2020 оқу жылынан бастап Қазақстанда медицина мамандарын алты жылдық оқытуға көшу жүргізіледі және осыған байланысты университетте білім беру моделі өзгеруде. Білім берудің жаңа моделінің негізгі мақсаты алғашқы алты жыл ішінде педиатрияда, хирургия, акушерлік және басқа да терең медициналық пәндерден тәжірибелік дағдылары бар «әмбебап докторын» құру болып табылады», – деді ректор.
«Денсаулық сақтау саласында, әсіресе педиатрия саласында жұмыс істейтін барлық әріптестеріме алғысымды білдіремін. Келесі жылы Денсаулық сақтау министрлігінің барлық бағдарламалары денсаулық сақтаудың ажырамас бөлігі болып табылатын – осы педиатрияға арналатын болады. Айтулы шараға келген еліміздің жетекші педиатрларын көруге өте қуаныштымын. Шарамызға он елден арнайы қонақтар келіп отыр, олар өздерінің тәжірибелерімен қуана бөлісетін болады», — деп ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин сөзін қорытындылады.
Риза Боранбаева хабарлағандай, елімізде биыл 107 резидент-педиатр және 47 резидент-неонатолог мамандары дайындалып шыққан.
«Шетелдік мамандарды тарта отырып мастер-класстар өткізілуде, онда 490 дәрігер оқытылған болатын. 4128 маман үшін біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Педиатриялық профиль бойынша қайта даярлау циклдерінде 32 маман дайындалды. Екі жыл бұрын ҚазҰМУ-да педиатрия факультеті ашылған болатын. Онда қазір 1-2 курста 327 студент және 400-ден астам интерн мен резиденттер оқиды», – деп атап өтті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.
«Дені сау бала – ұлт болашағы» атты конференцияда Түркия, Ресей дәрігерлері мен ҚазҰМУ мамандары өздерінің ғылыми білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар педиатрия бойынша, ғылым мен білім интеграциясы жөнінде, нефрология және балалар хирургиясы мәселелерін талқылады. Сонымен бірге әлемнің үздік кардиохирургтарының бірі Римантас Бенетис жетекшілігімен өткен операцияны тамашалауға мүмкіндік туды.
Сондай-ақ, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтті. Бұл отырыстарда балалардағы менингокококк инфекциясына, неврологияның күрделі мәселелеріне, Қазақстанда емдеу бойынша халықаралық ұсыныстарды енгізуге ерекше көңіл бөлінді. «ҚР балалар неврологиясының өзекті мәселелері» атты мастер-класс ұйымдастырылды. Жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудегі, фармациядағы инновациялық әдістер жайлы «Педиатриядағы дәрілік препараттардың қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.