Қазақстан 53 елдің денсаулық сақтау министрлерінің кездесуіне төрағалық етеді
2023 жылдың қазан айында Астанада МСАК бойынша Жаһандық конференция және Қазақстанның төрағалығымен ДДҰ Еуропалық өңірінің 53 денсаулық сақтау министрінің кездесуі өтеді. Бұл туралы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында өткен ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің отырысында өңірлік директор Ханс Клюге хабарлады.
22-23 қазанда МСАК бойынша конференция өтеді. Бұл Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына, Астана декларациясының 5 жылдығына және ДДҰ-ның 75 жылдығына арналады. Министрлердің кездесуі 24 және 25 қазан аралығында өтеді.
«Қазақстан 1978 жылдан бастап медициналық-санитарлық көмектің отаны саналады. Мемлекет басшысының, Үкімет пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ханымның қолдауының арқасында Қазақстан МСАК саласында көшбасшы және басқа елдер үшін үлгі болып табылады. Қазақстан әлемде бірінші болып әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды МСАК жұмысына біріктірді. Ажар Ғиниятпен бірге басқа мемлекеттер қазақстандық тәжірибемен танысу үшін МСАК бойынша алғашқы демонстрациялық платформаны ашу үшін Есікке бардық», – деді Ханс Клюге.
Орталыққа Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен мамандар келді. Биыл Армения мен Әзірбайжан елінен мамандар келеді деп күтілуде.
«53 елден келген денсаулық сақтау министрі мен елшілер ДДҰ-ның алдағы 2 жылға арналған бюджетін, мақсаттары мен міндеттерін талқылау үшін жиналады. Олар Қазақстанның төрағалығымен ДДҰ саясатын айқындайды. Министр ханымнан Қазақстан Президенті бұл шараға қолдау көрсеткенін естігеніме өте қуаныштымын. Бұл денсаулық сақтау мәселесі ғана емес. Бұл қоғам мәселесі, экономиканың драйвері болып табылатын денсаулық мәселесі. Денсаулық сақтау сонымен қатар ең ірі жұмыс беруші болып табылады», – деп деп сөзін толықтырды Ханс Клюге.
Ол кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры ректоры Марат Шорановқа алғысын жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық комитетінің кеңесі 14-15 наурыз аралығында өтеді.
Талқыланатын мәселелердің арасында:
* 2023–2028 жылдарға арналған медициналық-санитарлық және әлеуметтік қызметкерлерге қатысты іс-қимылдарға арналған ДДҰ-ның еуропалық негіздемесі
* ДДҰ-ның 2023-2030 жылдарға арналған еуропалық аймағындағы микробқа қарсы препараттарға тұрақтылықпен күрес бойынша Жол картасы
* ДДҰ Еуропалық аймағында Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындықты, жауап шараларын қамтамасыз ету (2023-2030 жж.)
* ДДҰ-ның еуропалық аймақтардағы босқындар мен мигранттардың денсаулығына қатысты 2023-2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары
Сондай-ақ, Кеңестің бағдарламасында – Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы жағдаймен танысу үшін №5 қалалық ауруханаға бару болды.
Естеріңізге сала кетсек, 14-15 күні Қазақстанда алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің кеңесі өтті. 2022 жылдың қыркүйегінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған Қазақстаннан келген делегация Израильдің Тель-Авив қаласында өткен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының 72-ші сессиясына қатысты. 72-ші сессияның делегаттары алдында сөз алған ҚР ДСМ басшысы Еуропа елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың, аурулардың таралуының алдын алу, кадрлық әлеуетті арттыру, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін инновациялық технологияларды пайдалану бойынша бірлескен нақты шараларды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының 72-ші сессиясы барысында Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов Өңірлік комитет төрағасының атқарушы Вице – Президенті болып тағайындалды, сондай-ақ ДДҰ-ның жекелеген панельдік сессияларына төрағалық етті.