Қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттау
Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының енгізілуі, рухани мұрамызды түгендеп, жаңғыртып, озығын саралаудың өзектілігінің жоғарылығын көрсетуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жобаларды іске асыруда Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен бірлескен көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы оқу жылының басында дәстүрлі түрде жобалық кеңседе жоғары оқу орындарының жауапты қызметкерлерімен кездесу болып өтті. Жиын барысында жоғарыда аталған жобалар талқыланып, Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Г. Конырованың бастамасымен «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында Алматы қаласы жоғары оқу орындарының арасында қазақ халқының бірегей ұлттық тағамдарын дайындаудан онлайн аспаздық челленджін өткізуге шешім қабылданды.
Соның нәтижесінде, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жастар саясаты басқармасы және фармация мектебінің ұйымдастыруымен қала бойынша алғашқы болып челленджін бастағанда әр жаңа бастамаға әрқашан өз көзқарасын білдіретін корпоративтік даму проректоры У.М. Датхаевтың қолдауына сүйендік.
Бұл шараның мақсаты-ұлттық тағамдарды сақтау және танымал ету, олардың ерекшеліктерін зерттеу, көшпенділердің бірегей тағамдарын заманауи интерпретацияда дайындау және оны өзара тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға үйрету.
Қазақ халқының ұлттық асханасы өте бай екені мәлім. Бабаларымыз тұтынған азық-түліктер мен дәмі тіл үйіретін тағамдарының дені дәрумендер мен ақуыздарға толы, жоғары калориялы, құнарлы болып келеді. Сонымен қатар, сол кезден бастап, асқазанға күш түсірмей тез қорытылатын жеңіл тамақ түрлерін де пайдалана білді. Зерттеушілердің айтуынша, халқымыздың ұлттық тағамдарының арғы тегі қазақ даласының ең ежелгі тұрғындары сақтар заманынан басталған. Челленджде дайындалған тағамның аты ӘСІП.
Әсіп – шұжық пен қазыға ұқсас, көбінесе еліміздің оңтүстік өңірінде кең таралған тағамның түрі. Ол – жаңа сойылған малдың іш майын, жұмсақ еттерін, бүйрек, жүрек т.б. шекке немесе бүйенге салып пісірілетін ұлттық тағам. Мұндай тағамның еті жұмсақ, сорпасы дәмді болады. Білім алушыларға қазақ асханасының пайдасын дәріптеу үшін осы аталған тағамды дайындауда фармация мектебінің деканы З.Б. Сакипова өзі бас болып, декан орынбасары А.Т. Макыжанова, аға тәлімгерлер Н.С. Омаркулова, Н.А. Рахымбаев, фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығының 2 курс студенті Тасполатова Асыл және т.б зор жауапкершілікпен қарап, ауызбіршілікпен ат салысты. Ал жастар саясаты басқармасының қызметкерлері Р.У. Жармағанбет, Е.Д. Жаксимбеков осы іс-шараның ұйымдасқан түрде абыроймен өтіп, бейнероликтің түсірілуіне айтарлықтай үлестерін қосты.
Медицина саласының болашақ жас ұрпақтарын тәрбиелеуде ұлттық рух, тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлерді жаңғыртып, бойларына әдет-ғұрыптарды сіңіруде ұйымдастырылатын және университеттің беделін арттырып, насихаттауда қалалық деңгейде өткізілетін осындай іс-шаралардың маңыздылығы өте зор.