Қазақ дәрігері Беларусь елінде 5 айлық сәбидің бауырын ауыстырып берді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстанға ғана емес, көрші елдерге де танылып үлгерген трансплантолог дәрігер Рахымжан Үмбетжанов мемлекетаралық достықты нығайтуға үлес қосып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
31 жастағы дәрігер Шымкент қаласындағы № 1 қалалық клиникалық аурухананың гипатобилярлы хирургия және трансплантология бөлімінде жұмыс істейді. Бірінші санатты хирург-дәрігер, трансплантолог.
Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина университетінде білім алған. Кейіннен Беларусьтің Минск қаласында трансплантант бойынша клиникалық ординатура мамандығы бойынша оқуын жалғастырады.
Шымкент қаласындағы қызметі барысында үш жыл ішінде 173 туыстық трансплатациялық ота жасауға қатысқан. Оның ішінде 150 бүйрек, 23 бауыр отасы бар.
Ізденімпаз маман мұнымен тоқтап қалмай біліктілігін арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында Минск қаласына кетті.
Онда 5 айлық бүлдіршінге бауыр трансплатациясын жасап, ота сәтті аяқталған. Бұл жөнінде Минск ақпарат көздері жарыса жазды.
Рахымжан Үмбетжанов беларус әріптестерінен органды трансплатацияға дайындайтын гепатобилярлы әдісті үйренгенін айтады.
Алдағы уақытта тәжірибесін іс жүзінде шыңдай отыра, еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге жеткізсем деген арманы бар.