Қазақ елінің болашағы үшін күрескен біртуар тұлға С. Ж Асфендияровтың туылғанына 130 жыл толуына арналған еске алу кеші
Үстіміздегі 2019 жылдың 18 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да қазақ елінің болашағы үшін күрескен біртуар тұлға, мемлекет қайраткері, дәрігер, ғалым Санжар Жағыпарұлының 20 қазан туған күніне орай еске алу кеші өтті. Санжар Жағыпарұлының туылғанына биылғы жылы 130 жыл толып отыр. Аталған еске алу кеші Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының ұйымдастыруымен ректорат ғимаратында орналасқан С.А.Асфендияровтың бюст ескерткіші жанында өтті.
Іс-шара ескерткішке гүл себетін қоюдан басталды. Жиынға университет әкімшілігі, Халықаралық медицина факультетіне қарасты Тілдік пәндер кафедрасы, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы, ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы, Әскери кафедрасы, университет мұражайы қызметкерлері және студенттер қатысты.
Жиында Университет ректоры, профессор Нурғожин Талғат Сейтжанұлы Санжар Жағыпарұлының жасаған еңбектеріне тоқталып, жастарға қазақтың ұлы тұлғаларына ұқсап бағуларын, көп ізденулерін, оқуларын, аға буынның орнын келешекте жастар жалғастыратынын баса айтып өтті. Кеш барысында Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі З.А.Ноғайбаева, ҚазҰМУ мұражайының жетекшісі А.С.Саятова біртуар тұлғаның өмірі жайында айтып өтіп, университет мұражайында сақталған Санжар Жағыпарұлының жұмыс жасаған бөлме жабдықтарын, ғылыми еңбектерін, жазбаларын көріп танысуға шақырды. Жиынға қатысқан студенттер сондай-ақ, ректорат ғимаратының екінші қабатында дайындалған тақырыптық стендті тамашалады.
Сөз соңында айтарымыз еліміз үшін бар күш-жігерін, қайратын, білімін сарп еткен азаматтарымызды, алаш зиялыларын әрқашанда есте сақтау, өткен күннің тарихына құрмет көрсету біздің парызымыз.
Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.А.Апсаттарова