Қазақ ұлттық медицина университетінде қазақстандық медициналық университеттердің ректорлары бас қосты
Бұл күндері Қазақ ұлттық медицина университеті қонақтарды қарсы алуда. Бүгін еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орнында медициналық персоналды даярлау бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесі Оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысы өтті.
Оқу-әдістемелік бірлестік – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің құрамына кіретін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі консультативтік-кеңесші жұмыс органы болып табылады.
Кеңеске Қарағанды медицина университеті, Астана медицина университеті, Батыс Қазақстан медицина университеті сынды қазақстандық медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары, Семей университеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.
Оқу-әдістемелік бірлестік отырысында болашақ дәрігерлерге білім беру үдерісіне қатысты ең өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, кездесуде ректорлар студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, денсаулық сақтау министрлігінің сұраныстары бойынша жауап беру және орындаушылық тәртіп сынды бірқатар мәселелер ортаға салынды, сондай-ақ ағымдағы оқу жылының ережесі, ОӘБ құрамы және бірлескен жұмыс жоспарын бекітілді.
Медициналық университеттердің басшылары Қазақ ұлттық медицина университетінің симуляциялық орталығына барып, оның жұмысымен жан-жақты танысып қайтты.