Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстанда ЭКҰ-ны дамыту мәселесі талқылануда
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшиннің «Көмекші репродуктивті технологиялардың адами және этикалық аспектілері» тақырыбында дәрісі өтуде.
Қазіргі таңда Қазақстанда репродуктивті медицина жетекші орынға ие. Біздің азаматтарға шетелдік мамандарға жүгінудің қажеті жоқ. 2 жыл аралығында «АҢСАҒАН СӘБИ» президенттік бағдарламасы аясында 14 000 жуық ЭКҰ циклі өткізілді, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген циклдер санының 35 пайызы немесе 2 500 жуық бала дүниеге келді. Еуропада, Еуропалық тіркелімнің мәліметтері бойынша бұл көрсеткіш 28% аспайды.
Ал 26 жыл ішінде Қазақстанда КРТ көмегімен 30 000 жуық бала туылған. Бұл бұрын сәби сүйе алмаған 30 мыңдай бақытты науқас.
«Вячеслав Натанович өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсете отырып, жүздеген мамандар даярлайтын Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығын құрды. Астанада қараша айында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды, оған әлемнің 20 елінен 500-ден астам қатысушылар қатысты. Бұл елімізге тек Вячеслав Натановичтің жеке абыройы мен еңбегінің арқасында келген көрнекті тұлғалар», – деп таныстырды спикерді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Үш жыл бұрын Вячеслав Локшиннің бастамасымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ЭКҰ-ға жыл сайынғы бөлінген квота саны жылына 7 мыңға дейін ұлғайтылды. Бұл шамамен 10 есе көп.
«Қазақстанда жыл сайын 400-450 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Бірақ осы 7 мыңның әрбір бірлігі – бұл белгілі бір медициналық көрсеткіштер бойынша сәби сүйе алмағандар үшін ана немесе әке болу сезімін сезіну қунышы. Бұл мүмкіндіктің еншісіндегі ең құнды дүние шығар. Бедеу некенің аспектілері үлкен әлеуметтік әсерге ие. Отбасылар тек көзқарастарындағы келіспеушіліктер үшін емес, сонымен қатар болашақта дені сау әке мен ана бола алмағандықтан бұзылады,-деді Марат Шоранов.
Вячеслав Локшин сөз алар алдында өз атындағы атаулы шәкіртақыны табыс етті. Негізінен жарияланған жұмыстар, академиялық ұтқырлық бағаланды. Сынаққа қатысқан барлық 8 резидентте лайықты.
Ел тұрғындарының репродуктивті денсаулығы мен бедеулігі, көмекші репродуктивті технологиялардың қолжетімділігі мәселелері өзекті болып отыр. Қазақстанда бедеулік көрсеткіші халықтың 15 пайызына жетеді. Мұндай көрсеткіш, ДДҰ мәліметтері бойынша демографиялық саясат үшін дабыл болып табылады, яғни бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуі керек. Бедеулікке байланысты отбасылар бұзылады, жалпы қоғам үшін өзекті демографиялық проблемалар туындайды. Бедеулік көбінесе көмекке кеш жүгіну себептерінен пайда болады, бұл уақтылы диагноз қою қажеттілігін айқын көрсетеді.
Репродуктология саласындағы дәрігердің біліктілігінің төмендігі, квота алудың қиындығы, мемлекеттік қаржыландырудың жетіспеушілігі де проблемалардың қатарында бар. Жүктілік үшін кемінде 3-4 ЭКҰ әрекеті қажет, бірақ мемлекет тек біреуін төлейді. Донорлық бағдарламаларды дамыту және соған байланысты этикалық мәселелер жеке мәселе болып табылады – донорлар донорлық жыныс жасушалары туралы мәлімет алуға құқығы жоқ. Қолданылмаған эмбриондарды сақтау және жою мәселелері де туындайды – науқастар көбінесе сақтау ақысын төлемейді және байланысты үзеді, ал эмбриондарды олардың рұқсатынсыз басқа адамдарға беру мүмкін емес. Күн тәртібінде ЭКҰ бойынша квоталарды бөлудің ашықтығы мәселесі тұр. Осы және басқа да өзекті мәселелер кездесуде талқыланады.
Локшин Вячеслав Натанович – медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Халықаралық репродуктология академиясының ректоры, Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті.
Денсаулық сақтау саласында жалпы жұмыс өтілі – 40 жыл. 236 жарияланған жұмыстардың, оның ішінде 5 әдістемелік нұсқаулықтың, 5 рационализаторлық ұсыныстың, өнертабысқа берілген 7 патенттің, 6 монографияның авторы. Медицина ғылымдарының 4 кандидатын және 1 докторын даярлады, Қазақстанда репродуктивті медицина саласында жұмыс істейтін тәжірбиелік дәрігерлердің мектебін құрды. Репродуктивті медицина саласындағы нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысты.
Алматы қаласының МДСМ алқасының мүшесі (2015 жылдан бастап), ҚР ДСМ Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Бақылау Кеңесінің мүшесі, Акушерия, гинекология және перинатология Ғылыми орталығының Бақылау кеңесінің мүшесі болып табылады.
ҚР ДСМ бірнеше Грамоталарымен, «Алтын дәрігер» белгісімен, «Денсаулық сақтауға қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен, «Құрмет» орденімен (2018), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2013), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен, Алматы қаласы әкімінің грамотасымен марапатталған.