Қазақ ұлттық медицина университеті технопаркінің директоры болып Фахрадиев Ильдар Рафисович тағайындалды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жаңа технопаркін кім басқаратыны белгілі болды. Директор ретінде Фахрадиев Ильдар Рафисович тағайындалды. Бұл туралы ректораттың кеңейтілген отырысында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов мәлімдеді.
Фахрадиев Ильдар Рафисович кәсіби еңбек жолын 2015 жылы Б. Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтында тәжірибелік медицина зертханасының лаборанты қызметінен бастады. Ильдар Рафисович 2017 жылдан 2023 жылдың мамырына дейін осы институтта тәжірибелік медицина зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2023 жылдың мамыр айынан бастап С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Б. Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Фахрадиев Ильдар «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және профилактикалық медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы» ауқымды жобасын жүзеге асыруға зор үлес қосты. Ал 2023 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде Ильдар Рафисович денсаулық сақтау саласындағы үздік ғалым деп танылып, «Алтын шипагер» сыйлығымен марапатталды.
Оның ғылыми өмірбаянында Scopus және Web of Science дерекқорларына кіретін халықаралық журналдардағы 60 астам жарияланымдар және бірлескен авторлық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау және қадағалау комитеті ұсынған журналдардағы 50 астам жарияланымдар бар. Сонымен қатар, ол әлемдік ғылыми қауымдастықтың бір бөлшегіне айнала отырып, 60 астам құжаттар мен бірқатар халықаралық жобаларды әзірлеуге үлес қосты.