Қазақ ұлттық медицина университеті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен батырларын еске алды
Қазақ ұлттық медицина университеті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен батырларының рухына тағзым жасады. Университет басшылығы, декандар, оқытушылар, студенттер мен университет ардагерлері Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Ұлы Отан соғысы кең байтақ елімізге, оның миллиондаған тұрғындарының тарихында өшпес қанды із қалдырды. Сол қиын-қыстау кезеңде елдердің, адамдардың, зауыттардың және басқа да кәсіпорындардың жағдайы күрт өзгерді. Бұл жағдайдан Алматыдағы келешегі зор жас медицина институты да шет қалмады. Ұлы Отан соғысы майданына сол кездегі жас медициналық университеттің 1500 түлегі, студенттері мен оқытушылары да аттанды. Майданға аттанғандардың арасынан 380 жуық адам үйлеріне оралмады. Олардың ішінде ерліктері ешқашан өшпейтін Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Владимир Иванилов болды.
Айта кетерлігі, оқу орны соғыс жылдары бойы өз жұмысын тоқтатқан емес, өйткені майданда жаралы жауынгерлерді аман алып қалуға көмектескен дәрігерлер өте қажет болды. Ал Алматы госпитальдары шайқаста жараланғандарды сауықтыру бойынша ең жоғары көрсеткішімен белгілі – олардың 75 пайызы майданға оралды. Мұндай нәтижеге әлемнің бірде-бір мемлекеті жете алмады.
Ұлы Отан соғысының жеңісіне қазақстандық дәрігерлер орасан зор үлес қосты. Солдаттар мен офицерлер сынды олар – хирург, терапевт, санитарлық дәрігерлер, эпидемиологтар, фельдшерлер, медбикелер – барлық қиыншылықтарға табандылықпен төтеп беріп, өмірлерін қатерге тігіп, жүздеген, мыңдаған жаралыларды аман алып қалды. Соғысқа екі мыңға жуық қазақ дәрігері қатысты.
Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық медицина университеті өз батырларының есімін жадында сақтайды. Университет аумағында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан студенттер мен оқытушылардың есімдері жазылған мемориалдық тақта ашылып, Соғыс батырларының аллеясы отырғызылды. Ұрпақтардың парызы – Ұлы Отан соғысының сол бір сұрапыл жылдарындағы ерліктерді еске алып, елдегі тыныштық пен келісімді сақтау болып табылады.