ҚазҰМУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Бүгін Алматыда ҚазҰМУ түлектеріне арналған дәстүрлі Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге еліміздің аймақтарынан денсаулық сақтау ұйымдары, клиника мен емханалардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ медицина орталықтары мамандарын жетілдіру және даярлау бойынша арнайы қызметкерлер қатысты. Жұмыс берушілер тікелей бітіруші студенттермен тілдесіп, оларға жұмысқа орналасуға өз көмектерін ұсынды.
Биыл оқу орнын 1500-ден астам маман бітіріп шығады. Бітіру емтихандары, дипломдық жұмысты қорғау әлі алда, дегенмен олардың көбі жақын аралықта отандық медицина мекемелерінің болашақ мамандары болатыны сөзсіз. Университет басшылығы айтуынша, ҚазҰМУ түлектерінің 90 пайызға жуығы оқу бітірісімен жұмысқа орналасады. Айтпақшы, олардың жұмыс берушілермен алғашқы танысуы осы дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде өтеді екен. Бұл дәстүрлі шара бітіруші түлектерге де жұмыс берушілерге де өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Бәрімізге белгілі, еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге сөйлеген сөзінде атап өткен еді: «Біз сіздер кәсіпқойлар болып, Жер шарының кез келген бұрышында сұранысқа ие, Қазақстанға ХХІ ғасырда табыс пен игілікті қамтамасыз ете алу үшін сіздердің оқуларыңыз бен өз-өздеріңізді жетілдіруге барынша қолайлы жағдайлар туғыздық».
— Университетіміз 88 жылдық тарихында 70500 маман даярлап шығарды, — деді жәрмеңкенің алғы сөзінде стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Датхаев Убайдилла. — 2017-2018 оқу жылында 1500-ден астам маман оқу бітіргелі отыр. Бүгінгі шара осыларға ұйымдастырылып отыр. Бүгін олар ұсынылып отырған жұмыс орындарын көріп, қалалық және аудандық емханалардың өкілдерімен жеке таныса алады.
Жәрмеңке барысында стендтік сессия, жас мамандарға арналған әртүрлі бағдарламалармен таныстыру, жұмыс берушілердің презентациялары, емдеу мекемелері басшыларының бітіруші түлектермен жеке әңгімелесу ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде қазақстандық медицина нарығында ең сұранысқа ие дәрігерлер аталды. Үздік үштікке терапевтер, жалпы тәжірибе дәрігерлері және педиатрлар. Мысалға, қаламызда осы медицина салалары бойынша 187 маман жетіспейді екен. Сондай-ақ, акушерлік және гинекологияда кадрларға деген қажеттілікті бастан кешуде. Отандық денсаулық сақтау саласында мейірбикелер сұранысқа ие, қазіргі таңда жетіспеушілік туындауда.
— Бүгінгі күнде 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында медициналық кадрлар тапшылығын шешу – еліміздің басым бағыттарының бірі болып табылады, — деп Датхаев атап өтті. – Біздің университет аталмыш мәселені шешу бойынша айтарлықтай өз үлесін қосып келеді, биыл біз 1516 бітіруші түлекке оқу орнын бітіргені туралы диплом табыстаймыз.
2017-2018 оқу жылында 1500 маман оқу бітіргелі отыр
№ р\с | Мамандықтар | Бітірушілер саны |
1. | Жалпы медицина (Терапия) | 127 |
2. | Жалпы медицина (Акушерлік іс және гинекология) | 79 |
3. | Жалпы медицина (Хирургия) | 172 |
4. | Жалпы медицина (Жалпы тәжірибе дәрігер) | 493 |
5. | Жалпы медицина (Педиатрия) | 39 |
6. | Стоматология | 83 |
7. | Резидентура | 154 |
8. | Магистратура | 56 |
9. | Phd докторантура | 24 |
10. | Мейірбике ісі | 15 |
11. | Қоғамдық денсаулық сақтау | 96 |
12. | Фармация | 76 |
13. | Фармацевтикалық өндіріс технологиясы | 89 |
14. | Менеджмент | 13 |
Барлығы: 1516 |
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі