ҚазҰМУ білім алушыларының Семей қаласындағы Абай музейіне онлайн саяхатында туған ой
Үстіміздегі 2020 жылдың 10 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 1 курс студенттері Семей қаласындағы Абай әдеби-мемориалдық музейіне онлайн саяхат жасады. Бәрімізге мәлім 2020 жыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы еліміз бойынша кең ауқымда аталынып өтуде. Соның ішінде ҚазҰМУ-да жыл бойына университет деңгейінде, деканаттар, кафедралардың ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап әртүрлі тақырыпта, форматта мерекелік іс-шаралар өткізілді. Сол мерекелік іс-шаралардың жалғасы ретінде Семей қаласындағы Абай әдеби-мемориалдық музейіндегі жәдігерлер, ақынның өмір сүрген ортасы, шығармашылығымен, Абайдың өз қолымен берген жеке заттарын көріп тамашалап, жақын танысқан кездесу іс-шарасы өтті. Аталған кездесу Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен және деканаттардың қолдауымен өткізілді. Кездесуге барлық мектептерден 1 курстың 130-ға жуық студенттері қатысты. Іс-шараны Жастар саясаты басқармасының басшысы Елнұр Асқарұлы университет әкімшілігі атынан сөз сөйлеп, жастарды рухани бағытта тәрбие беруде ұсынысымызды қабыл алып, Абай өмір сүрген ортамен, шығармашылығымен жақын таныстырып екі жақты достық қарым-қатынасты қолдағаны үшін музей қызметкерлеріне рахметін айта келе, бұдан да былай екіжақты шығармашылық алмасу жалғаса беретінін айтты.
Абай музейінің ғылыми қызметкері. Бейсембинова Гүлназ Талғатқызы бізбен бірге музей ішін аралап, Абайдың өмір сүрген ортасындағы тұтынған және ақынның өз қолымен тапсырған қолының ізі қалған заттары, музыкалық аспаптары, кітаптары, қол жазбалары, музейдің жаңа жаңғыртылған экспозициясы залын көрсетіп, түсіндіре отырып, айтып шықты. Алматы мен Семей қаласының арасы мыңдаған шықырым қашықтықта болса да, бүгінгі дамыған технологияның арқасында музей ішін онлайн аралап, кәдімгідей музейге барып қайтқандай болдық. Музей ішін аралап отырғанда ақынның музейге өзі тапсырған музыкалық аспаптары сыбызғы, асатаяқ, домбырасын, жазу дәптерін көргенде ақын жанының соншалықты нәзік, рухани байлыққа тұнып тұрғанын байқамасқа, сезінбеске болмас еді. Абай ақын, композитор, философ жалпы адам жанының жан сезімінің пернесін дөп баса білген, соны біздерге түсінікті қарапайым сөзбен жеткізген дана адам. Абай өлеңдерінің әр адамға жақын болуының себебі де адамшылық асыл қасиеттерді ашып, жаман қасиеттерден алшақ болуын әр адамға түсінікті етіп жазған қарапайым бай тілінде. Абай өзінің мына өлеңінде былай деген.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Сөз маржандарын орны-орнымен тізе білген, бірін-бірі толықтырып өлең жолы болып қаланғанда одан әрі жарқырай түседі, жүрегіңіздің түбіне жетіп, сезімге еріксіз қозғау салады. Абайдың өлеңдерінен әркім өз іздегенін табады. Ал шебер де қарапайым сөзбен қиыстырып, дөп басқан тілмен түсінікті қылып айтып жеткізу ол даналық, ерекше тума талантты адамның қолынан ғана келеді. Сізді, Абай өлеңдері жан-жаққа сабылттырып, ішкі жан-дүниеңізді сан қияға жетелейді, бір сәт адамға тоқтау салып, сабырға келтіріп, мейірімділікке, имандылыққа жетелейді, тура жолды меңзейді. Сіз сол тоқтаған, ой жүгірткен сәтіңізде жан-жағыңызға жете қарап, табиғаттың берген сыйына, жалпы табиғат әдемілігіне, жан-жағыңызға ерекше көзқараспен қарай бастайсыз, тәубаға келесіз. Абайдың лирикалық өлеңдерінен өз іздегеніңізді адаспай тауып, қайта-қайта оқығанның өзінде де ойыңыз жаңарып, басқаша ойлармен толықтырылып, өзіңізге керектіні тауып алып отырасыз. Бірақ біздерде соған зейін қоятын уақыт, бір сәтке тоқтау бола бере ме? – деген сұрақ туады. Оның шешімін табу әркімнің өз қолында. Адами қасиеттер адамзаттың бәріне ортақ қасиет, ол ұлтқа, нәсілге бөлінбейді, ол аспан әлемі (ай күн, жұлдыз) сияқты бәріне ортақ. Бірақ оны адамдардың қалай қолдануында болып тұр ғой.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз. Қандай ғана сөз маржандарын тере білген десеңізші. Айтуға жеңіл, айналасы теп-тегіс. Айта берсеңіз ой таусылмайды, өлеңдерін оқыған сайын сізді алысқа шексіздікке жетелей береді, жетелей береді. Қаншама тіл, әдебиет саласындағы ғалымдар, мамандар, қарапайым оқырмандар Абай жайында жазып жатыр, қанша түрлі қылып жазса да бір шешімге келеді, Абайдың сөз маржанының қалаушысы, дана екендігін мойындайды.
Міне, Абай музейіне бір ғана саяхат жасап қайтқанда, ойымды сан-саққа жүгіртіп, қолыма қалам алдыртты.
Біздер қазір тоқтамай жүріп келе жатырмыз, жан-жағымызға қарауға уақыт та, мұрша да жоқ. Бірақ соны сылтаурата беруіміз жөн бе екен? Иә әлеуметтік желі де қаншама сағат керек емес хабарламаны қарап отыруға сағаттап уақыт жібереміз. Оны да ойланып дұрыс қолдануға болады. Мен анда бардым, мында бардым, мынандай тамақ жедім, мынандай киім алдымға қарай берсең, өзіңе керекті хабарламаны алмасаң өміріңнің қалай өтіп кеткенін білмей қалуың да мүмкін, керек хабарлама ақырындап қала береді. Енді жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп отырмаса, ұлтымыздың рухани байлығын насихаттап отырмасақ, өмір сүріп отырған заманымыздың сәнінің жетегінде кете бермесімізге кім кепіл, кетіп те бара жатырмыз, жетегіне іліп кетті байқасаңыз. Рухани мәдениетті, рухани тәрбиені көп насихаттап отыру өсіп өнуіміздің ұлт болуымыздың, дара болуымыздың бірден-бір асыл айнымас жолы. Әр заманда әртүрлі идеологияны пайдаланады сол уақытына байланысты. Соның ішінде адами рухани байлық еш адастырмайтын ғасырлар бойы қалыптасқан бағыт бағдар. Ол да сан рет тұншығып, қайта тіріліп, қайта көтеріліп, қайта тұншығып, қайта еңсесін көтеріп келе жатқан қараңғыда адастырмайтын рухани дүние. Оған қалса заманыңа қарай орын алған ой сәнділігі бар, өз ақылыңа салмасаң жетегіне іліп алып кете береді. Қазіргі біздің заманда жарнаманың рөлі үлкен, біле білсеңіз, ол баршамызға аян. Теледидарда бір жарнаманы қарай берсең, әйтеуір бір, адамға ой келеді, осыны қолданып көрсем деген. Сол сияқты біздер әрқашан ұлтымыздың рухани байлығын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдебиетін жастар арасында көп айтып, насихаттап отыруымыз қажет. Мың адамның жүзі көкірек көңіліне түйсе, ол да үлкен жетістік, олар әрі қарай алып жүрушілер. Бүгін қайта-қайта айта берудің, жарнаманың заманы болып тұр ғой. Кім көп айтады, кім өз ақпаратын жарнамалайды, адамдар соның соңынан ілесіп кетіп бара жатыр. Бір жыл бойы, осы жылы елімізде «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы мерейтойын атап өту шарасында біздер қаншама ақпарат алдық, жете мән бердік. Қаншама жылдар бойы біздер Әл Фарабидің, Абайдың еңбектеріне жете мән бермей келдік. Осы ғұламалардың айтқандарына, еңбектеріне мән бермей жүрген, білмей жүрген, естімей жүрген қаншама ақпаратты халық арасында, жастар арасында таныта білдік. Қаншама уақытты, қаншама керекті ақпаратты, жарнаманы жоғалтып алдық, бір буын өсіп кетті. Біздер ата-әжелеріміздің айтып отыратын ертегілерінен, әңгімелерінен айрылдық деуге болады. Қазір немерелеріміз басқа тілде түсірілген түсініксіз, қажетсіз мультфильмдерді көреді. Біздер өз мультфильмдерімізді көрсетуге қаражат бөліп, жағдай жасап жатырмыз ба? Қаражат бөлінсе де жолда адасып, діттеген жеріне жете алмай жүр, оған жете мән беріліп те жатқан жоқ. Күнделікті еститініміз жеп кетті, алып кетті, іліп кетті, шауып кетті. Ал онымен бүтіндей өсіп келе жатқан жас ұрпағымызды ертеңгімізді жоғалтып алып жатқанымызды білмей келе жатырмыз ба? Айта берсеңіз керексіз ақпаратқа да бой ұсынып жатқандар өте көп, ол да қалыпты нәрсе болып жатқанын күнделікті көріп жүрміз. Бір кезде бірдей жыныстағы адамдардың үйленуі, қарым-қатынасы біздерге дөрекі болып көрінетін, қазір ол өзіміздің арамызға қалай кіріп кеткенін білмей қалып, қалыпты жағдай да қабылдап отырмыз. Иә солай екен ғой, бүгінгінің сәні, сұранысы екен ғой, дамыған еуропа елдері қолдап отыр,- деп оған да бас шұлғып отырмыз. Қазір бізге ол дөрекі емес. Қара жыланша ирелеңдеп ізін қалдырмай кіріп келе жатыр, ысылдаған дауысын да білдірмей. Әлеуметтік желі де ол хабарламаға тоқтап қараймыз, қалыпты қабылдау өте көп, жүрек лүпілі басылады, лайк жинайды. Ол біздерге бір кезде өте жат болатын. Оған да бой ұсынып, кәдімгідей қабылдап, бүгінде үйреншікті, қалыпты жағдай ретінде қабылдап отырмыз. Өйткені ол туралы әртүрлі жарнама өте көп, ауыздың суын құрғатып әдемілеп жеткізіп жатыр, санаға құйып жатыр. Мен бір ғана мысалды келтіріп отырмын, ал одан басқа да қанша мысалдар келтіруге болады. Бұрынғының айтқан ақылы ол бүгінде ескінің ойы, бізде бәрі жаңаша, ұяттың да салмағы өзгеріп, талқыға түскелі қашан, оның да беті бір қызарып, бір бозарып жүр. Жақсы осы жерден кері қайта қояйын, бір мысалман түсінген шығарсыздар деп ойлаймын.
Абай бір ғана қазақтың ақыны ғана емес, бүкіл адамзаттың Абайы. Өйткені Абай өз шығармашылығында адамның сезім пернелерін, мінез-құлықтарын, адами қарым қатынасын, адами қасиеттерді ашып, жақсы менен жаманды жігіне бөліп, дөп басып айтады. Ойымды қорыта келе, біздерге қазір ұлтымыздың асылдарын су бетіне алып шығып, жастар арасында айта беру, айта беру қажет, күнделікті санасына құя беру, құя беру, бүгінгі күннің ақпарат жарысында, ақпарат майданында әйтеуір бір адастырмай алып шығады. Одан шаршамауымыз керек, ұлтымыздың бар рухани-мәдени құндылықтарын жеткізе беру, жеткізе беру. Айқайлаудың да қажеті жоқ, жұдырықпен немесе мен тасада тұрайын, басқасы айтсын дегенді қоюуымыз керек, тек ақылға салу. Ақылдың ішінде бәрі бар. Ортаға салып айта беру, айта беру, жеткізе беру. Әр білімді, саналы, ақылды азамат осыны қолға алу қажет. Қазақтың дөп басқан мына мақалымен ойымды аяқтайын «Заманың түлкі болса, тазы болып шал», – деген. Ары қарай ой жалғау сізде оқырман.
Жастар саясаты басқармасының
бас маманы С.А.Апсаттарова