ҚазҰМУ-дан 463 медицина маманы еліміздің ауылдық елді мекендеріне жұмысқа аттанбақ
Биыл С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 463 интернатура және резидентура түлегі еліміздің ауылдық елді мекендеріне аттанбақшы. Оқуларын үздік тамамдаған студенттер халыққа қызмет етіп, ұлт саулығына өз үлестерін қосатын болады. Осы жылы ҚазҰМУ-ды 884 интерн мен 158 резидент бітіріп шықты. Оның 463-і Қазақстанның аймақтарында жұмыс істейтін болады. Жалпы алғанда, университеттің 2018-2019 жылғы 636 түлегі бүгінгі таңда жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, биылғы жылға елімізге 3447 медицина мамандары қажет. Сұранысқа ие мамандықтар жалпы дәрігерлік практика, педиатрия, анестезиология және реаниматология болып табылады.
Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген студенттер 70 АЕК (176 750 теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақыны ала алады. 2019 жылы бұл соманы 252 500 теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қатысушыларына тұрғын үйді сатып алуға және салуға арналған 1500 айлық көрсеткіш көлемінде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие беріледі. Несие мерзімі – 15 жыл, пайыздық мөлшерлеме – бар болғаны 0,01%.
Алматы қаласына 109 интерн және 47 резидент жұмысқа орналасты. Бір түлек Нұр-Сұлтанға барады. Шымкентте алты жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр және де Акушерия және гинекология мамандығы бойынша 2 резидент жұмыс жасайтын болады.
Ауылға барған түлектердің арасында жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, педиатрлар, хирургтар мен стоматологтар бар. Олардың 179-ы жалпы практика дәрігерлері, 93-і педиатр, 24-і акушер-гинеколог, 52-сі терапевт, 61-і хирург, 33-і стоматолог, 2-і эндокринолог, 4-і неонатолог, 5-і сәулелі диагностика мамандары және т.б. Олардың көпшілігі Алматы облысына барды – 254 адам. 37 адам Түркістан облысында, ал 50-і Жамбыл облысында, 16 адам Қызылорда облысында, 11 адам Маңғыстау облысында, 15 адам Батыс Қазақстан облысында, 29 адам Атырау облысында, 12 адам Шығыс Қазақстан облысында, 14 адам Қостанай облысында, 5 адам Павлодар облысында, 12 адам Солтүстік Қазақстан облысында, 6 адам Ақмола облысында және 3 адам Қарағанды облысында жұмыс жасайтын болады.
Сонымен, ҚазҰМУ-дан ауылдық елді мекендерге 423 интернатура түлектері және 40 резидентура түлектері аттанғанын атап өтуге болады. Осылайша ҚазҰМУ еліміздің барлық облыстарына, ауылдық елді мекендерге дәрігерлерді қамтамасыз етуде. Жұмыс істеуге келген резиденттердің арасында эндокринологтар, нефрологтар, жұқпалы аурулар бойынша мамандар, сәулелі диагностика бойынша мамандар, психиатрлар, неонатологтар, кардиохирургтер, акушер-гинекологтар, аллергологтар мен иммунологтар, спорттық дәрігерлер және ревматологтар бар.
Бұл мамандар ҚазҰМУ-да грант немесе ауыл квотасы бойынша бес және одан да көп жыл оқыған студенттер. ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожиннің айтуынша, университеттің бітіруші түлектері үздіктің үздіктері болып саналады.
«Ешкім де бірден ұйымды немесе аймақтық бөлімшені басқарып, бірден министр болмайды. Біз барлығымыз дәрігерлік қызметімізді ауылдар мен аудандардан бастадық. Өзім полктің медициналық пунктінде дәрігер болып жұмыс істедім, Бәрі де қызмет жолын төменнен бастап, ары қарай еңбек пен білімнің арқасында кәсібі маман болып қалыптасады Менің қымбатты балаларыма сәттілік тілеп, олардың мықты дәрігерлерден тәжірибе жинақтап, өздерінің үлкен маман болуларын қалар едім», – деп Талғат Нұрғожин түлектерге батасын берді.
Биылғы түлектерге еліміздің өңірлерінде қызмет істеп жүрген өткен жылдың түлектері де ақыл-кеңестерін айтты. Соның бірі, университеттің 2018 жылғы түлегі Қыдырбаева Гүлбану. Ол Қостанай облыстық орталық ауруханасында дәрігерлік қызметін атқарып жүр. Гүлбану «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша, ал жолдасы «Хирургия» мамандығы бойынша оқуларын тамамдаған болатын.
«Бізге еліміздің барлық өңірлерінен көптеген ұсыныстар түскен еді, бірақ бізге Қостанай өңірі өте ұнады. Бастапқыда біржолғы көтермеақы ретінде 176 750 теңге алдық. Сондай-ақ баспана алуға жеңілдетілген несие берілді. Бұл аймақтың адамдары бізді өте жылы қарсы алды, жұмысымызға барлық жағдайлар жасалды. Жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби дамуына атсалысу әлі де сезіледі. Мен студенттерге қорықпауға кеңес бергім келеді. Резидентураға түсуге асықпаңыздар. Оның орнына үш жыл ішінде жақсы тәжірибе алып, жеті жыл бойы жинап-терген біліміңізді шындаңыз. Кейін бұл резидентурада оқығанда сізге өз пайдасын әкеледі. Аймақтарда жүріп жақсы тәжірибе жинақтауға болады», — дейді ол.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің арасынан сегіз денсаулық сақтау министрі, Жоғарғы Кеңестің 16 депутаты, бес Социалистік Еңбек Ері, бір Халық Қаһарманы, екі Кеңес Одағының Батыры, екі генерал, екі олимпиада чемпионы шыққан. Университеттің 11 түлегі облыстық денсаулық сақтау басқармаларын басқарған. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов университеттің түлегі болып табылады.
Университеттің студенттері еліміздің барлық аймақтарында дәрігерлік қызметтерін жоғары деңгейде атқаруда және түлектерге жұмыс орнын қарастырарда кең көлемде таңдау беріледі. Түлектердің ешқайсысы жұмыссыз қалған емес, өйткені ҚазҰМУ-да оқитын әр болашақ дәрігер өз біліміне, біліктілігіне және болашағына нық сенімді.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі