ҚазҰМУ-дағы кәсіби бағдар беру жұмысы
2016 жылдың 04-11 қарашасы аралығында кәсіби бағдар беру бойынша іс-шаралар өтті:
1. Назарбаев Зияткерлік Мектебі Университетте
2016 жылдың 04 қарашасында Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің жоғары сыныбынан 54 оқушы мен кәсіби бағдар беруші Г.М.Азимбекова С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен танысу мақсатындағы кездесуге келді.
Кездесу барысында оқушыларға университеттің факультеттері мен мамандықтары туралы ақпарат берілді, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына толыққанды жауаптар алды. Университеттің Тарихи мұражайы мен анатомиялық мұражайы, Б.Атчабаров атындағы ҒЗИ, Тәжірибелік дағдылар орталығына, Стоматологиялық клиникаға, Фармацевтика және фармацевтикалық өндіріс технологиясы факультетіне, Паталогиялық анатомия кафедрасына саяхат жасалды.
Балалар «Паталогиялық анатомия» кафедрасының меңгерушісі А.Д.Сапаргалиевамен кездесті. Медицина ғылымдарының докторы, жоғары білікті педагог, талантты дәрігер, ғалым, Алматы қаласының бас патологанатомы – Айгул Дюсекешовамен кездесу оқушыларға үлкен әсер қалдырды, олар профессорға қуана-қуана сұрақтарын қойысты.
Сондай-ақ, қонақтарды Фармация факультетінің деканы, фармацевтика ғылымдарының докторы З.Б.Сакипова және фармация факультетінің оқытушылары қарсы алды. Балалар фармация факультеті мен мамандықтары туралы ақпарат алды, зертхана жұмыстарын көрді.
ҚазҰМУ стоматологиялық клиникасында оқушылар оқу үрдісін өз көздерімен көріп, тәжірибелік сабақтармен танысып, өздеріне қажет деп тапқан сұрақтарға жауаптар алды. Бұл кездесу кейбір оқушылардың болашақта стоматолог-дәрігер болуға деген қиялдарына қанат бітірді.
Факультеттер пен Кафедралардағы кездесулерден кейін балалардың медицинаға деген қызығушылығы артып, өздерінің алдыға қойған мақсаттарын нақтылай түсті. Кездесу өте қызықты өтті. Балалар университет саяхатынан шаршаса да, ҚР алғашқы медициналық ЖОО ҚазҰМУ-мен танысқандарына, мол ақпарат алғандарына, болашақ мамандықтарын таңдауға ықпал еткен кездесуден үлкен ризашылықпен қайтты.
Олар өздерін жылы қарсы алып, қызықты кездесу ұйымдастырғаны үшін ҚазҰМУ басшылығына, университет қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.
2. ҚазҰМУ «Oxford visionмен» бірге «Білім көкжиегі» халықаралық көрмесінде
2016 жылдың 05 қарашасында Алматы қаласы «Rixos» қонақ үйінің фоесінде «Oxford vision» Тіл орталығының ұйымдастыруымен «Білім көкжиегі» атты Халықаралық көрме өтті. Көрмеге Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нархоз, Алматы менеджмент университеті, Халықаралық бизнес Университеті (UIB), KIMEP, КБТУ, Сулейман Демирел университеті (CDU) сияқты ҚР белді ЖОО мен АҚШ, Ұлыбритания, Қытай (Пекин Медицина университеті, Гонконг политехникалық университеті), Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Ресей сынды шет ел Университеттері қатысты. Халықаралық көрмеге С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ өкілдері де қатысты.
Көрмеге келген балалардың ішінен біздің Университетке Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларының ҚТЛ-нан, Алматы облысы бойынша Талдықорған, Талғар қалаларының БИМ мен ҚТЛ-дың жоғары сынып оқушылары, Алматы қаласынан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Алматы қазақ қыздар лицейі, «Galaxy» мектебінің балалары қызығушылық танытты. Оқушылардың сұрақтары өте көп болды, әсіресе «ҰБТ-2017» байланысты.
Жоғарыдағы мектептердің көпшілігінде биология пәні ағылшын тілінде жүргізілетіндіктен болашақта Медицина мамандығын ағылшын тілінде жалғастыра алатын бірден бір ЖОО болып табылатын ҚазҰМУ олардың негізгі таңдаулары болды.
3. ҚазҰМУ Кәсіби бағдар беру форумында
2016 жылдың 11 қарашасында Алматы қаласының Жетысу, Түрксіб аудандарының жалпы білім беру мектептеріне Алматы қаласы Білім басқармасымен «Современное образование» республикалық журналы редакциясымен және ҚазҰМУ-дың бірлесе ұйымдастырумен «Теміржолшылар сарайында» ЖОО көрмесі – кәсіби бағдар беру бойынша форум өтті.
Кәсіби бағдар беру форумдары жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықтары туралы, ЖОО туралы барлық қажетті ақпаратты алуы үшін мүмкіндік туғызады.
Университеттің Республикалық «Современное образование» журналының редакциясымен бірлескен жұмысы аясында «Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасының» қызметкерлері мен «Х. Досмухамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау, медицина-профилактика ісі, мейіргер ісі және менеджмет» факультетінің оқытушылары кәсіби бағдар беру іс-шарасына қатысып, Жетысу, Түрксіб аудандарының жалпы білім беру мектептерінің арасында Кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді.
Форум қатысушыларына «С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» фильмі көрсетілді, университет факультеттері мен мамандықтары туралы презентация жасалды. Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау факультетін оқытушы Л.Ж.Темірбаева таныстырды. Аталған факультеттің «Мейірген ісі» мамандығын бойынша Е.Ш.Кушербаева балаларға бағыт-бағдар, кеңестер берді.
Мектеп оқушылары мен ұстаздарға маман дайындау бағыттары, ҚазҰМУ-ге оқуға түсу мен құжат тапсыру ережелері туралы кеңестер беріліп, Университет жайлы ақпараттық материалдар таратылды. Медицинаға қызығушылық танытқан балалар мен олардың болашақта меңгеруді жоспарлаған мамандықтары туралы көбірек ақпарат беретін сұхбаттар жүргізілді.
Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту
және бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасы