ҚазҰМУ-да академик Камал Ормантаевпен қоштасу рәсімі өтті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстандағы балалар хирургиясы мен педиатрия мектебінің негізін қалаушы, академик Камал Саруарұлы Ормантаевпен қоштасу рәсімі өтті.
«Concordia» театрында өткен шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, депутаттар, ғылыми, академиялық және медициналық қауымдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, шәкірттері, туыстары мен жақындары қатысты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
“Камал Саруарұлы – еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаған тәжірибелі дәрігер, көрнекті ғалым. Ол саналы ғұмырын отандық медицина ғылымын дамытуға арнады және өз ісінің нағыз кәсіби маманы болды. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, артына өшпес мұра қалдырды. Камал Саруарұлының есімі әрдайым жадымызда сақталады”, – делінген Президенттің жеделхатында, оны ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқып берді.
Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан көңіл айту хаты оқылды.
Ұлы ғалым мен дәрігердің өмірден өтуі – еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін орны толмас қайғы. Оның есімі Қазақстан медицинасының тұтас бір дәуірімен тығыз байланысты. Ғылыми және педагогикалық мұрасы болашақ медицина мамандары үшін бағыт-бағдар болып, бізді үнемі дамуға жетелейді. Біз заманымыздың ұлы хирургіне АЛҒЫС айтамыз!
Қаншама жылдар өтсе де, болашақ педиатрия мамандары өз шәкірттеріне: «Мен балалар хирургиясына ұлы педиатр Камал Ормантаевтың дәуірінде келдім», – деп мақтанышпен айтатын болады.