ҚазҰМУ-да академик Төрегелді Шармановтың жаңартылған Даңқ залы ашылды
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде көрнекті ғалым, Қазақстан денсаулық сақтау саласының реформаторы, академик Төрегелді Шармановтың аты берілген бас аудитория жаңа кейіпке енді. Ашылу рәсімі ғалымның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өтті. Салтанатқа оның отбасы мен әріптестері, шәкірттері, студенттер және университет серіктестері қатысты.
Қазақстан тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарман жиналғандарға алғыс білдіріп, жобаның мәнін атап өтті:
– Төрегелді Шармановтың Даңқ залы – менің әкем алғашқы студенттік қадамдарын бастаған, кейін оның жолын жалғаған жүздеген шәкірт білім алған қасиетті орын. Біз бұл аудиторияны толығымен жаңғырттық, – деді ол.
Іс-шараға сондай-ақ Қуаныш Сұлтанов, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Байменов, академиктер Юрий Пя мен Вячеслав Локшин, профессор Мақсұт Күлжанов қатысты.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов өз сөзінде жаңартылған залдың символдық маңызына тоқталды:
– Миллиондаған қазақстандық үшін Төрегелді Шарманов есімі – денсаулықтың баламасы. Ұнды темірмен байыту, тұзды йодтау, балалардың дұрыс тамақтануына назар аудару, қымыздың шипалы қасиетін ғылыми тұрғыда дәлелдеу сияқты бастамалары елде профилактикалық мәдениетті қалыптастырды. Бұл зал ұстазға деген құрмет қана емес, оның идеялары мен құндылықтарын жалғайтын жаңа кеңістік, – деді ректор.
Сол күні Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық қордың Қамқоршылар кеңесінің отырысы өтті. Денсаулық сақтау мен медициналық ғылымға қосқан үлесі үшін халықаралық сыйлық медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Кәрімұлы Күлжановқа табысталды. Ол – Қазақстандағы қоғамдық денсаулық мектебінің негізін қалаушы және оның беделін халықаралық деңгейге көтерген тұлға.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/қазұму-да-академик-төрегелді-шармано/


























































































































