ҚазҰМУ-да Алматы халықаралық эндокринология конгресі өтуде
Алматы қаласы осы күндері Орталық Азиядағы эндокринология ғылымының маңызды орталығына айналды. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде алғаш рет Алматылық халықаралық эндокринология конгресі өтуде.
Конгресс жұмысына Үндістан, Корея, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген жетекші мамандар қатысып, қант диабеті, семіздік, қалқанша без аурулары, сондай-ақ сирек кездесетін, бірақ өмірге аса қауіпті эндокриндік патологияларды талқылауда. Іс-шараны ҚазҰМУ-дың эндокринология кафедрасы, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Орталық Азия диабетологиялық форумы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Конгрестің күн тәртібі соңғы жылдары алаңдатқан медициналық статистикаға негізделген.
Биылғы конгресс медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанұлы Ақановтың 75 жылдығына арналды. Конгресс оның өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм көрсетілімімен ашылды. Айқан Ақанұлы 2008–2016 жылдары ҚазҰМУ-ды басқарған кезеңде университетте еліміздегі алғашқы эндокринология кафедрасы мен диабет орталығының ашылуына бастамашы болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конгресс тек тәжірибе алмасу алаңы емес. Бұл Қазақстанда және жалпы Орталық Азия өңірінде эндокриндік ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруға ықпал ететін кәсіби пікірталас кеңістігі. Қатысушылар аталмыш конгресс тұрақты түрде өтіп, Алматыда әлемнің жетекші мамандарын біріктіретін алаңға айналады деген үміт білдірді.
Қазіргі таңда эндокриндік аурулар жалпы сырқаттанушылық құрылымында алдыңғы орындардың бірін иеленіп, жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп отыр. Негізгі аурулардың қатарында қант диабеті (45%-ға дейін), қалқанша без аурулары (15–17%) және семіздік (15%-ға дейін) бар. Бұған халықтың қартаюы, өмір салтының өзгеруі, дұрыс тамақтанбау, созылмалы стресс пен физикалық белсенділіктің төмендеуі әсер етуде.
Сарапшылардың мәліметінше, 2021–2024 жылдары әлемде эндокриндік және метаболикалық бұзылыстармен өмір сүретін адамдар саны 475–590 миллионға жеткен. Жыл сайын бұл көрсеткіш 5–7%-ға артып, әр 15 жыл сайын екі еселеніп отыр. 1990 жылдан бері осы аурулардан болатын өлім-жітім екі еседен астам өскен. Қазіргі таңда қант диабеті 589 миллион ересек адамда тіркелген, бұл жер шарындағы халықтың шамамен 11 пайызы. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 853 миллионға, ал 2070 жылға қарай 1 миллиардқа жуықтауы мүмкін.
Семіздік те жаһандық деңгейде күрделі мәселеге айналып отыр: 890 миллион адам семіздікке шалдыққан, ал 2,5 миллиард адам артық салмаққа ие. Семіздігі бар адамдарда қант диабетінің даму қаупі 3–7 есе жоғары. Сонымен қатар, қатерлі ісіктің 13 түрі артық салмақпен байланысты, ал жыл сайын 2,8 миллион адам семіздік салдарынан көз жұмады.
Мамандар семіздікті тек қауіп факторы емес, көпжүйелі созылмалы ауру ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты стигма әлі де сақталып отыр – артық салмақ көбіне өмір салтының таңдауы ретінде қабылданып, медициналық жағдай ретінде бағаланбайды.
Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті. 2026 жылғы деректер бойынша елімізде 560 мыңнан астам адам қант диабетімен тіркелген. Сонымен қатар, Қазақстан йод тапшылығы жиі кездесетін аймақтардың қатарына жатады, ал халық арасындағы семіздік деңгейі шамамен 23 пайызды құрайды. Эндокриндік аурулардың ел экономикасына түсіретін жылдық жүктемесі кемінде 1,1 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл – денсаулық сақтау жүйесіне ғана емес, жалпы ұлттық экономикаға да елеулі салмақ.
Конгресс аясында сирек, бірақ аса қауіпті ауруларға да ерекше назар аударылды. Кушинг синдромы, акромегалия, Аддисон ауруы сирек кездескенімен, өлім қаупі жоғары патологиялар қатарына жатады. Мәселен, Кушинг синдромы алғашқы белгілерінен кейін 3–6 жыл өткен соң ғана анықталады. Ал феохромоцитома жағдайларының жартысына жуығы бұрын тек қайтыс болғаннан кейін анықталған. Гипофиз аденомаларының да 16 пайызы өмір бойы анықталмай қалатыны белгілі.
Конгресс барысында метаболикалық синдром, семіздік, қант диабетінің жүрек-қан тамырлық асқынулары, эндокриндік науқастарды вакцинациялау, сондай-ақ алдын алу, диагностика және емдеудің заманауи тәсілдері кеңінен талқылануда. Сонымен қатар, клиникалық тәжірибенің болашағын айқындайтын пәнаралық шешімдерге ерекше мән берілді.
«Орталық Азия диабетологиялық форумы» қоғамдық қорының президенті Арман Дүйсенбаев жаһандық үрдістер мен жаңа сын-қатерлер туралы баяндама жасап, медицинаның цифрлық трансформациясына тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект денсаулық сақтау саласын түбегейлі өзгертіп жатыр: науқастар дәрігер қабылдауына көбіне алдын ала ақпарат жинап келеді.
– Дәрігер енді тек емдеуші емес, түсіндіруші рөлін де атқарады. Ол әр науқасқа аурудың қалай дамитынын және емге қалай бірге келуге болатынын жеткізуі тиіс, – деді ол.
Беларусьтен келген маман, Беларусьтің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру академиясы эндокринология кафедрасының доценті Максим Лущик қант диабетіне қатысты көзқарасқа назар аударды.
– Қант диабеті – уақытша ауру емес, бұл өмір бойына созылатын жағдай. Сондықтан науқас бастапқы кезеңде-ақ жауапкершілікті түсінуі керек, – деді ол.
Сондай-ақ ол кең таралған қате түсініктерге тоқталып өтті. Мәселен, көптеген адамдар Жерорта теңізі диетасын тек шараппен байланыстырып, негізгі компоненттер – көкөніс, бұршақ, балықты ескерусіз қалдырады. Ал «жасырын» семіздік дәрігерлер мен науқастарды босаңсытып, жағдайдың ушығуына әкелуі мүмкін.
Балалар арасындағы семіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сарапшының айтуынша, балаларға пайдалы тағам емес, тәтті өнімдер мен жарнамаланатын брендтер көбірек ұсынылады, соның салдарынан дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптаспай отыр.
Конгресс екі күнге жоспарланған. Бағдарламада сателлиттік симпозиумдар қарастырылған, онда заманауи эндокринологияның өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, халықаралық тәжірибе ұсынылады. Конгресс қорытындысы бойынша Қазақстанда эндокриндік ауруларды емдеуге арналған ұсынымдарды қамтитын арнайы қарар қабылданады деп күтілуде.
Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі таңда эндокринология тар ауқымды сала болудан қалып, адамзаттың болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналып отыр. Өйткені әрбір статистикалық көрсеткіштің артында нақты адамның тағдыры тұр.

















































