ҚазҰМУ-да белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевпен мотивациялық кездесу өтті
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қалыпты анатомия кафедрасының ұйымдастыруымен еліміздің жетекші нейрохирургтерінің бірі — Мыңжылқы Сайлауұлы Бердіқожаевтің студенттермен мотивациялық кездесуі өтті..
ҚазҰМУ-да осындай жүздесулер дәстүрге айналған. Университеттің басты мақсаты – болашақ дәрігерлерге адамдық пен адалдыққа негізделген шынайы өмірлік тәжірибені көрсету. Мұндай кездесулер студенттерге мамандықтың рухын сезінуге, өз жолын саналы таңдауға мүмкіндік береді.
Медицина – өмірдің мәні
«Дәрігер болу – тек білім емес, үлкен жүрек пен жан жылуы. Әр пациентке өзіңнің бір бөлігіңді беруге дайын болу керек», – деді Мыңжылқы Сайлауұлы.
Қызылорда қаласында дүниеге келген ол Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі. Интернатурадан кейін Санкт-Петербургтегі С. М. Киров атындағы Әскери-медицина академиясында «Болашақ» бағдарламасымен оқып, Германия мен Кореяда тағылымдамадан өтті. Сол жерлерде нейрохирургияның ең жаңа әдістерін меңгерген.
«Алғашқы отаымды 2004 жылы, 23 жасымда жасадым. Ол кезде құрал да, мүмкіндік те аз болатын. Бірақ операция сәтті өтті, сол сәттен бастап өз жолымды тапқанымды түсіндім», – деп еске алды дәрігер.
Содан бері ол мыңдаған адамға өмір сыйлады. 8000-нан астам ми мен тамыр операциясын жасап, жыл сайын 600-ден астам жоғары технологиялық ота орындайды.
2013 жылы Қазақстанда алғаш рет ишемиялық инсульт кезінде механикалық тромбэктомия әдісін енгізіп, жүздеген адамның өмірін сақтап қалды. Қазір Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия орталығын басқарады, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы директорының хирургия жөніндегі орынбасары және «Kazneuro» қоғамының президенті.
Өз ісіне адал өмір
Мыңжылқы Сайлауұлы үшін нейрохирургия – жай жұмыс емес, өмірдің мәні.
«Ең жақсысы – жұмысың хоббиің болған сәт. Мен операция жасаудан шаршамаймын. Керісінше, әрбір сәтті нәтиже маған жаңа күш береді», – дейді ол.
Кейде бір түнде жетіге дейін ота жасайды. «Ұйқыға уақыт аз. Кейде тек ұшақта ғана көз ілемін. Бірақ үйде бәрін ұмыттыратын – жұбайымның тамағы мен балаларымның құшағы», – дейді ол күліп.
YouTube арқылы білім алмасу
2014 жылдан бастап дәрігер өз операцияларын тікелей эфирде көрсетеді. Қазір оның YouTube-арнасында 450-ден астам видео бар, барлығы ағылшын тілінде түсіндірілген.
«Бастапқыда тәжірибе бөлісу үшін бастадық. Кейін Париж бен Токиодан әріптестер хабарласып, біздің әдістерді көруге келді. Қазір Қазақстан – нейрохирургия саласында ашық тәжірибе көрсететін санаулы елдердің бірі», – деді ол.
Осы бастама еліміздің нейрохирургиясын халықаралық деңгейдегі білім беру орталығына айналдырды. Бүгінде Еуропа, Азия және АҚШ дәрігерлері Алматыға келіп тәжірибе алмасады.
Жастарға өсиет
Студенттер дәрігерден алғашқы операция алдындағы қорқыныш, өмір мен жұмыстың тепе-теңдігі туралы сұрады.
«Қателіктен қорықпаңыздар. Ең бастысы – сабыр мен өмірге құрмет. Жақсы хирург болу үшін жеке қызығушылықтарыңның көбінен бас тартуға тура келеді. Батылдық пен жылдам шешім қабылдау – нағыз дәрігердің қасиеті», – деді ол.
Ол өз жолындағы алғашқы сәтсіздіктер мен сындар жайлы да ашық айтты:
«Маған “қолы ауыр” деп айтқан кездер болды. Бірақ мен тоқтаған жоқпын. Күн сайын өзімді дамыттым. Кітап – менің ең жақсы досым болды. Түнгі клубтар мен ойын-сауықты білмедім. Себебі мен өз жолымды тапқанмын», – деді дәрігер.
Кездесу соңында студенттер ұзақ қол соғып, фотосуретке түсті, дәрігердің кеңестерін жазып алды.
«Медицина – марафон. Мұнда жеңіл жол жоқ. Төзім мен өмірге құрмет – нағыз маманның басты серігі», – деп түйіндеді ол.
Ұстазға құрмет пен сабақтастық – ҚазҰМУ рухының өзегі
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов осындай кездесулердің мәнін ерекше атап өтті:
«Мұндай жүздесулер студенттерге тек білім беріп қана қоймай, дәрігерлік мамандықтың рухын, оның терең мәнін ұғындырады. Ұрпақтар сабақтастығы мен ұстазға құрмет – біздің университет мәдениетінің негізі. Осындай кездесулер жас мамандарға шабыт беріп, отандық медицинаның болашағын қалыптастырады», – деді ректор.