ҚазҰМУ-да бірінші курс студенттеріне «Академиялық адалдық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбында дәрістер жүргізілуде
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл процесс жүйелі сипатта болуы керек және университеттердегі жемқорлыққа қарсы тиімді механизмдердің бірі – бұл түсіндіру жұмыстарын жүргізу және болашақ дәрігерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру болып табылады.
2018 жылдан бастап ҚазҰМУ Академиялық адалдық Лигасының мүшесі болып келеді. Университетте академиялық адалдық кодексі қабылданған, онда студенттерге қойылатын негізгі талаптар, процедуралар мен жауапкершіліктер нақтылап көрсетілген. Бірінші курс студенттері «Құқық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» пәнін оқиды. Оқу жоспарына университеттің академиялық саясатының талаптары, академиялық адалдық мәселелері кіреді.
Ректор, проректорлар, деканаттар және деканат қызметкерлері студенттермен үнемі кездесіп тұрады. Кездесулерде академиялық бұзушылықтарды болдырмау турасында сұрақтар қарастырылады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Университеттегі тест орталығы телефондарды, смартфондарды және басқа гаджеттерді сақтауға арналған арнайы қораптармен жабдықталған. Бұл әрине студенттердің емтихан тапсыру кезінде ешқандай алдаусыз, көшірусіз, таза өз білімдерімен тапсыруға қойылып отырған талап.
2018-2019 оқу жылында ҚазҰМУ-дан академиялық адалдық кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 15 студент оқудан шығарылды, 184 студенттің пәндер бойынша бағалары жойылып, оларға сөгіс жарияланды. 2019-2020 оқу жылында барлық мамандықтардың бірінші курс студенттеріне «Академиялық адалдық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» пәні енгізілді. Қазіргі таңда университетімізде 26-29 тамыз аралығы өтіп жатқан бағдарлық аптасында бірінші курс студенттеріне аталмыш пән бойынша дәрістер жүргізілуде.
Бір апта бойы өтетін бағдарлық апталығы аясында бірінші курс студенттері академиялық адалдық кодексін оқып, дәрістерге қатысады, өткен жылдың қорытындылары бойынша академиялық адалдық кодексі турасында болған бұзушылықтарды қарастырады.
Медициналық университеттерде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі керек және бұл мәселеде ҚазҰМУ ұстанымы өте нақты – жемқорлыққа ешқандай жол жоқ!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес біздің міндетіміз және ҚазҰМУ әкімшілігі сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюда қарқынды жұмыс жүргізетінін атап өткіміз келеді.