ҚазҰМУ-да Бірінші проректор Диляра Қайдарованың «Онкологиядағы ұйымдастыру және инновациялар» атты дәрісі өтті
С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Бірінші проректор, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Диляра Радиковна Қайдарованың «Онкологиядағы ұйымдастыру және инновациялар» тақырыбына арналған дәрісі өтті. Спикер таңдаған тақырып – жай ғана өзекті мәселе емес, бүкіл отандық медицинаның болашақ траекториясын айқындайтын бағыт.
Дәріс басында Диляра Қайдарова қатерлі ісік ауруларының әлемдегі және Қазақстандағы сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштері бойынша өзекті деректерді ұсынды. Спикердің айтуынша, алғаш анықталған жағдайлардың саны өсіп жатқанымен, өлім көрсеткіштері жақсартылған диагностикаға, ерте анықтауға және жаңа емдеу тәсілдерінің енгізілуіне байланысты төмендеуде. Негізгі қатерлі ісік түрлері бойынша бесжылдық өмір сүру көрсеткіштері заманауи технологиялардың ауру болжамын жақсартудағы рөлін айқын көрсетті.
Дәрісте 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспарына ерекше назар аударылды. Бұл құжат онкология қызметінің стратегиялық дамуын айқындап, бірнеше бағытты қамтиды: профилактика және қауіп факторларын басқару, ерте диагностика тиімділігін арттыру, мамандандырылған көмекті кеңейту, паллиативтік медицина мен реабилитацияны дамыту, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетті күшейту. Бұл міндеттердің жүзеге асуы ұлт денсаулығына салынған инвестиция және онкологиялық ауыртпалықты азайтудың негізгі тетігі ретінде қарастырылатыны атап өтілді.
Дәрістің маңызды бөлігі клиникалық практикаға енгізіліп жатқан инновацияларға арналды. Қазақстанда спектралды контрастты маммография, виртуалды колоноскопия, өкпенің төмен дозалы КТ-сын қамтитын заманауи диагностика технологиялары қолданылуда. Хирургия саласында жоғары дәлдіктегі лапароскопиялық операциялар, микрохирургиялық әдістерді қолданатын реконструктивті операциялар, сүйек зақымдануларында 3D-реконструкция әдістері дамып келеді. Аудиторияның ерекше қызығушылығын роботтандырылған хирургия тудырды – бұл әдіс операцияларды ең жоғары дәлдікпен және минималды жарақатпен жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары сапалы серпіліс жасаған сәулелік терапияның болашағы жан-жақты баяндалды. Қазақстанда стереотаксикалық және адаптивті радиотерапия, 4D-сәулелік ем және томотерапия белсенді дамуда. Ядролық медицина орталықтарының желісі кеңейіп, радионуклидтік терапияның жаңа түрлері, сондай-ақ диагностика мен емді біріктіретін тераностика енгізілуде.
Диляра Қайдарова жекешелендірілген медицинаның негізіне айналып келе жатқан молекулалық-генетикалық зерттеулерге де тоқталды. Елдің әр өңіріндегі пациенттерде EGFR, KRAS, BRAF, BRCA1/2 мутациялары мен HRD-статусын тестілеу нәтижелері ұсынылды. Мұндай зерттеулер таргеттік терапияны дәл таңдауға, емге жауапты болжауға және әр пациентке жеке тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ісік геномын зерттеу зертханасы мен доклиникалық зерттеулер орталығын құру – отандық онкогеномиканы дамытудағы маңызды қадам болатыны аталды.
Профилактика тақырыбын қозғаған лектор 2024 жылы 11-13 жастағы жасөспірімдерді адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бағдарламасының іске қосылуын жоғары бағалады. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша, бұл вакцинация жатыр мойны обырын алдын алудың ең тиімді шараларының бірі болып саналады, ал оның Қазақстанда енгізілуі ДДҰ ұсынымдары мен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Дәріс соңында халықаралық ынтымақтастық бағыттары таныстырылды: бірлескен ғылыми зерттеулерден бастап тәжірибе алмасуға, жетекші онкологиялық ұйымдардың білім беру бағдарламалары мен клиникалық тағылымдамаларына қатысуға дейін. Бұл бағыт, спикердің айтуынша, еліміздегі онкология ғылымы мен практиканың болашағын айқындайды.
Диляра Қайдарованың бұл дәрісі – Қазақстандағы онкологияның қазіргі жағдайы мен келешегін жан-жақты қамтыған маңызды шолу болды. Мұнда технология, ғылым, білім және мемлекеттік саясат біртұтас даму бағытына тоғысты.






