ҚазҰМУ-да Жалпы медицина-2 мектебінің 612 интерніне диплом табысталды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жалпы медицина-2 мектебі интернатурасының түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды. Биыл бұл мектепті 612 интерн аяқтап, олардың 597-сі — Қазақстан Республикасының азаматтары, ал 15-і — Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолиядан келген шетелдік студенттер.
Түлектердің арасынан 30 интерн үздік диплом иегері атанса, 3 жас маман «Үздік түлек – 2025» атағына лайық деп танылды.
— Осы жылдары жеткен жетістіктеріңіз болашақ табыстарыңыздың берік іргетасы. Алда сіздерді әлі талай үлкен істер күтіп тұр. Әрбір қадамдарыңыз өз мақсатыңызға — сенімді, білікті дәрігер болуға жақындата берсін, — деді өз құттықтауында ҚазҰМУ проректоры Светлана Сұлтанғазиева.
Биыл Қазақ ұлттық медицина университеті медицина кадрларын даярлау ісіндегі 95 жылдық тарихын атап өтуде. Қазақстан медицинасындағы көшбасшы оқу орны ретіндегі беделін университет үздіксіз дәлелдеп келеді.
QS Asia өңірлік рейтингінде ҚазҰМУ Азияның үздік 350 университетінің қатарына енсе, Webometrics мәліметі бойынша, университет Қазақстандағы үздік 5 ЖОО қатарында және цифрлық көрсеткіштер жағынан да тұрақты өсімді көрсетіп келеді.
«Атамекен» ұлттық рейтингісі бойынша 2025 жылы ҚазҰМУ еліміздегі ең үздік білім беру бағдарламалары бойынша жетекші орындардан көрінді: «Медицина», «Стоматология», «Мейіргер ісі» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағыттары үздік деп танылды.
Ad Scientific Index деректері бойынша, ҚазҰМУ Қазақстанда 5-орында, Азияда — 1417-орында, ал жаһандық деңгейде университет әлемдегі ең үздік 4000 ЖОО қатарына енген. Бұл көрсеткіштер ғылыми жарияланымдардың саны мен дәйексөздерге негізделген.
Университет 95 жылдық тарихын инновациялық тәсілдермен ұштастырып келеді: 167 клиникалық базаға қолжетімділік, елдегі ең ірі симуляциялық орталық, цифрлық медицина бағдарламалары мен халықаралық әріптестік — осының барлығы ҚазҰМУ-ды Қазақстандағы медициналық білімнің флагманы ретінде айқындайды.