ҚазҰМУ-да медицина студенттерінің қатысуымен ауқымды жастар форумы өтті
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еліміздің медицина жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Референдум қорытындысы бойынша» жастар форумы өтті.
Форум ҚазҰМУ-дың «Concordia» студенттік театрында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстанның медицина университеттерінен келген жастар ұйымдарының өкілдері мен көшбасшылары, профессорлық-оқытушылық құрам, білім алушылар, студенттік бірлестіктер мүшелері, ғылыми қызметкерлер және шақырылған қонақтар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – Референдум қорытындыларының маңызын студент жастарға түсіндіру, олардың құқықтық және азаматтық мәдениетін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және патриоттық құндылықтарды нығайту. Кездесу барысында конституциялық өзгерістер, студенттердің құқықтық мәдениеті, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік және құқықтық қырлары жан-жақты талқыланды.
Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атынан құттықтау жолданып, жастардың ел дамуының жаңа қозғаушы күші екені ерекше атап өтілді. Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері – ертеңгі білікті мамандар, олардың білімі мен жауапкершілігі, азаматтық көзқарасы отандық денсаулық сақтау жүйесінің болашағына тікелей әсер ететіні айтылды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға және жас мамандардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріліп отырғаны атап өтілді.
Форум барысында ҚазҰМУ Басқарма төрағасы-ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, Референдум қорытындылары елдің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезең болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер адамға, оның денсаулығына және елдің келешегіне бағытталған негізгі құндылықтарды нығайта түсті. Медициналық қауымдастық үшін бұл жаңғыру әлеуметтік жауапкершілікті күшейтіп, ғылым мен білімнің, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына жаңа серпін береді.
Іс-шара аясында медицина жоғары оқу орындарының қызметкерлері, оқытушылары мен білім алушылары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттары және марапаттарымен марапатталды. Сондай-ақ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының, «Amanat» партиясының өкілдері және жастар ұйымдарының жетекшілері баяндама жасап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Форум мәдени бағдарламаға ұласып, қорытындыланды.
ҚазҰМУ-да өткен жастар форумы еліміздің медицина саласының болашағы бүгінгі студенттердің білімінде, азаматтық ұстанымында және кәсіби жауапкершілігінде қалыптасатынын тағы бір мәрте айқындады. Бүгінгі буын – ертеңгі денсаулық сақтау жүйесінің тірегі.




















































































