ҚазҰМУ-да Педиатрия мектебінің 148 түлегі кәсіби жолға қадам басты
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Педиатрия мектебінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Биылғы жылы 148 түлек оқуын аяқтап, олардың бірі үздік диплом иегері атанса, тағы біреуі «Үздік түлек – 2025» атағын иеленді. Сонымен қатар, 9 жас маманға «Педиатрия мектебінің үздік түлегі» мәртебесі берілді.
— Педиатрия тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен қатар ерекше адами қасиеттерді де талап ететін сала. Бұл бағытта жұмыс істеу үшін сабыр, зейін, баланы және оның ата-анасын түсініп, қолдай білу қажет. Күн сайын сіздер тек білімдеріңізбен емес, жүрек жылуыңызбен де жұмыс істейсіздер. Әр балаға жасалған қамқорлық арқылы сіздер еліміздің медицинасының дамуына үлес қосатын боласыздар, – деп атап өтті университет проректоры Убайдилла Датхаев.
Қазіргі таңда елімізде педиатр мамандарына деген сұраныс өте жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда әр 10 000 балаға небәрі 2 педиатрдан келеді. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш одан да төмен. 2025 жылы еліміз бойынша небәрі 341 педиатр маман даярланса, соның 148-і ҚазҰМУ-дың түлектері. Бұл елдегі медициналық жоғары оқу орындары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Педиатрия мамандарын даярлау Қазақстанда 2017 жылы қайта жанданды. 2024 жылы алғаш болып 132 интерн жеті жылдық білім беру бағдарламасын аяқтап, диплом алған болатын. Бұл оқиға еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызды кезеңге айналды.
Бүгінде Қазақстан ана мен бала денсаулығын қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді: отбасыларға арналған көпдеңгейлі қолдау моделі енгізілуде, нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артуда. 2024 жылы елімізде 366 мыңға жуық сәби дүниеге келген, ал бұл көрсеткіш білікті педиатрлардың қаншалықты қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.