ҚазҰМУ-да проректор Убайдилла Датхаев «Фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ғылыми әзірлемелерді енгізу» тақырыбында дәріс оқыды
С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да профессор, фармацевтика ғылымдарының докторы, проректор Убайдилла Датхаевтың «Фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ғылыми әзірлемелерді енгізу» тақырыбындағы актілік дәрісі өтті. Дәріс Қараша оқулары аясында ұйымдастырылып, фармацевтикалық және медициналық бағыттағы студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және жас зерттеушілерге арналды.
Спикер фармацевтика саласының стратегиялық бағытын айқындады: ғылымды басқарудың жаңа моделі, 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізудің нақты тетіктері. Негізгі назар – мемлекеттің рөлі мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі, кадрлық әлеуетті күшейту, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және ғылымның қолданбалы бағыттарын коммерцияландыруға аударылды.
Дәрісте биомедицина мен фармацевтиканың жаһандық трендтері жеке талқыланды: био- және нанотехнологиялар, гендік және жасушалық терапия, молекулаларды жобалаудағы жасанды интеллект пен Big Data, цифрлық егіздер, өндірістің роботтандырылуы, телемедицина және виртуалды клиникалық зерттеулер. Сонымен қатар фармрынокқа әсер ететін макро-факторлар, халықаралық реттеушілік модельдер және Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің қазіргі динамикасы көрсетілді.
SWOT-талдау барысында Убайдилла Датхаев саланың күшті жақтарын (тұтыну көлемінің өсуі, білім беру базасы, кластерлер, мемлекеттік қолдау) және әлсіз тұстарын (ассортименттің шектеулілігі, R&D тапшылығы, кадр дефициті, импортқа тәуелділік) атап өтті. Негізгі мүмкіндіктер ретінде ЕАЭО нарығына экспорт, технология трансферті, цифрландыру және отандық зауыттардың қуатын арттыру көрсетілді. Қауіп-қатер ішінде логистика, валюта құбылмалылығы және жаһандық бәсекенің күшеюі атап өтілді.
Практикалық бөлімде ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің «механизмі» түсіндірілді: мемлекеттік қолдау құралдары, технопарктер мен кластерлер, халықаралық серіктестік, стартаптар және НИОКР арқылы коммерцияландыру. Вакциналар, биосимилярлар, дженериктер, биопрепараттарды локализациялау, университеттер қатысатын GMP-зертханалар секілді нақты мысалдар ұсынылды. Университеттердің рөліне ерекше тоқталды: технология трансфері орталықтары, инкубаторлар, индустриямен бірлескен білім беру бағдарламалары, заманауи зертханалар.
Дәрісте ҚазҰМУ-дың Фармация мектебінің орны да кеңінен ашып көрсетілді: білікті кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер мен коммерцияландыруды дамыту, GMP/GDP құзыреттерін күшейту, клиникалық фармация мен дәрілік қауіпсіздікті нығайту. Сондай-ақ ҚазҰМУ-дың «Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағыттары бойынша диссертациялық кеңес жұмыстары, фитосубстанциялар, фармаконадзор және фармацевтикалық косметология бойынша жобалар таныстырылды.
Сөз соңында Убайдилла Датхаев фармацевтика саласының болашағы – мемлекет, университеттер және бизнес арасындағы шынайы серіктестікте екенін атап өтті. Ғылым, технология және өндіріс тоғысқанда ғана пациенттің мүддесі мен елдің дәрілік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.




















