ҚазҰМУ-да «Санжар Асфендияров» тарихи драмасы сахналанды
Ағымдағы 2025 жылдың 04 маусымы күні көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, дәрігер, университеттің тұңғыш ректоры С.Ж. Асфендияровтың туғанына 135 жыл толуына және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 95 жылдығына арналған ANaMed Forum – New Generation 2025 аясында «Санжар Асфендияров» тарихи драмасы қойылды.
Форумға еліміздің және шетел мемлекеттерінен келген медицина саласында еңбек етіп жатқан ғалымдар қатысты.
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің арасында достық қарым-қатынас, шығармашылық алмасу үлкен жолға қойылған. Осы рухани достық қарым-қатынастың негізгі мақсаты жастардың бойына ұлтымыздың рухани және ұлттық құндылықтарын бойына сіңіру арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, тарихымызды білуге, құрметтеуге баулу болатын. Міне, осы достықтың арқасында «Санжар Асфендияров» пьесасы өмірге келіп, университет сахнасында өзінің алғашқы премьерасын қойды.
Спектакльдің авторы – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері Ерсайын Төлеубай, режиссері – Мейрамбек Тағанов, суретші-сценограф – Мұрат Сапаров. Қойылымды М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының кәсіби актерлері мен университетіміздің студенттері бірлесе сахналанған қойылым көрерменге ұмытылмас рухани әсер сыйлады.
Басты кейіпкер Санжар рөлін сомдаған Елжан Тұрыс көрермендерді бірден баурап алды. Ол өзінің шынайы әрі терең ойыны арқылы Санжар Асфендияровтың ішкі жан дүниесін, күреске толы тағдырын, ұлтқа деген махаббатын шебер жеткізді. Барлық актерлер сахнада өз рөлдеріне толық беріліп, эмоциялық шегіне жеткен ойын көрсетті. Бұл қойылым – жүректі тербейтін, санада ұзақ сақталатын туынды болды.
Сондай-ақ қойылымда басқа да кейіпкерлерді кәсіби актерлер: Рабиға — Мақпал Касенова,Үмігүлсім — Мәдениет саласының үздігі Гүлнұр Шыңғысова, Халел – Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Манжигитов, Жолдас — Қайрат Набиолла өз рольдерін үлкен шеберлікпен сомдап шықты.
Университетімізде биылғы жылы студенттер театры қайта жаңғырып, бой көтерген болатын. Спектакльдегі қосымша рольдерді театр үйірмесінің студенттері Қалиахмет Айбол Жумебекұлы, Абдикаримов Ильхам Каримуллаұлы, Құмарбек Дарын Еркінұлы, Ахмедов Бекжан Абуевич және Завев Алмат Маратұлы сомдап, тарихи драманың көркемдік тұтастығына өз үлестерін қосты. «Санжар Асфендияров» Тарихи драмасы – бұл жай ғана спектакль емес, бұл – ұлттық рухты көтеретін, тарихи тұлғаның бейнесін қайта тірілткен тағылымды өнер туындысы. Көрермендердің ұзақ қол соғуы мен көздеріндегі толқу – қойылымның сәтті өткенін дәлелдеді.
Осындай рухани кештер – жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруда маңызды орын алады. Санжар Асфендияровтың есімі – біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Алдағы уақытта да спектакль қойылымы талай рет көрерменге жол тартатын болады.