ҚазҰМУ-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті
Бүгін Қазақстан халқы үшін аса маңызды күн – біз ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етеміз. Бұл – қазақ халқы ондаған жылдар ішінде саяси қуғын-сүргін салдарынан зиялы қауым өкілдерінің басым көпшілігінен, саясат, мәдениет пен өнердегі өршіл қайраткерлерінен және ашаршылық салдарынен бүкіл халқының үштен бірінен айырылған халқымыздың тарихындағы қасіретті парақтар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтар үшін маңызды күн туралы айта келіп, мемлекет қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге баса мән беріп отырғанын атап өтті.
Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Университетіміздің негізін қалаушы Асфендияров Санжар Жапарұлы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Бұл оның соңғы белгілі фотосы. 1937 жылы Мәскеуде тұтқындалып, Алматыға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторында болды. 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы соты алқасының көшпелі мәжілісінде бірнеше минуттан кейін Санжар Асфендияров ату жазасына кесілді.
КСРО Жоғарғы Сотының 1958 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен Санжар Асфендияров ақталды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына сәйкес Алматы медициналық институтына С.Ж. Асфендияров есімі берілді.
Университет басшылығы мен High Tech Academy мектебінің оқушылары қайраткердің бюстіне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.
ҚазҰМУ корифейлері оқушыларға осы күннің маңыздылығы туралы, сондай-ақ Санжар Асфендияров пен кеңес өкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да белгілі қайраткерлердің халқымыздың дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді.