ҚазҰМУ-да «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара өтті
03.12.2024 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың биохимия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының және Жалпы медицина-1 мектебінің 2 курс студенттерінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне арналған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» тақырыбына мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында биохимия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Р.С. Досымбекова оқытушылар құрамын және студенттерді мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Атаулы тарихи күннің құрметіне орай ҚазҰМУ-дың Жалпы медицина мамандығының 2 курс студенттері тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болған «Желтоқсан оқиғасына» арналған өлең жолдарын жолдады. Сонымен қатар, дарынды студенттер «Астана» атты өлеңіне флешмоб ұйымдастырса, Набишев Тимур және Ергалиев Бекзат «Ерке сылқым» күйін орындады. Яныбаева Жаңылай «Шындық туралы» термемен, Құрмансейіт Аяулым «Қазақ елі» әнімен, Қожахмет Айбол «Қазақтай ел қайда?», Рымбек Бекарыс «Алаш батырлары» әндерімен кеш қонақтарын тәнті етті. Әрі қарай бағдарламаға сәйкес, студенттер «Желтоқсан желі» әнін орындап болған соң, желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.
1986 жылы 16 – желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді. Осы желтоқсан оқиғасын еске түсіру мақсатында университетіміздің білімгерлерінің орындалуында осы сәтке қойылым жасалды. Іс-шара барысында қабырға газеттерінің байқауы өткізілді. Белсенді түрде ат салысқан студенттерге шағын сыйлықтар үлестірілді.
Мерекелік кеште тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Апсаттарова Салтанат Айкеновна биохимия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының және Жалпы медицина мамандығы студенттерінің мерекеге орай ұйымдастырған іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, еліміздің мәртебесі биіктеп, әлемге шарықтай беруіне деген ыстық ықыласын жеткізді.