ҚазҰМУ-да қазақ медицинасының аңызы Нина Каюповамен қоштасты
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еліміздің денсаулық сақтау саласында өшпес із қалдырған, акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалаушылардың бірі – Нина Амировна Каюповамен қоштасу рәсімі өтті. Шараға марқұмның туыстары мен жақындары, әріптестері, шәкірттері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, медицина саласының мамандары мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ студенттер мен жас мамандар қатысты.
Нина Амировна өмірінің 15 жылын ҚазҰМУ-дағы акушерлік және гинекология кафедрасында дәріс беруге арнады. Рәсім барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Нина Амировнаның отбасына Мемлекет басшысы мен министрлік атынан көңіл айтып, жылы лебізін жеткізді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай марқұммен қоштасуға келіп, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және жеке өзінің атынан қайғыра көңіл айтты.
Нина Амировна – еліміздегі акушерлік және гинекологиялық қызметтің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол бұл салаға 60 жылдан астам өмірін арнады. 1959 жылдан бастап Алматы қаласындағы №1 перзентханада еңбек етіп, 1965 жылдан бастап Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының құрылуына белсене атсалысты. Оның жетекшілігімен ондаған ғылым кандидаты мен докторы дайындалды, өзі 19 монография мен 400-ден астам ғылыми еңбек жазды.
Медицина саласындағы еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері» атағымен, түрлі мемлекеттік марапаттармен және медальдармен наградталды. Зейнетке шыққан соң да, Нина Амировна ғылыми редактор, сарапшы және тәлімгер ретінде өз ісін жалғастыра берді.
Нина Амировна өз ісіне адалдығы, биік адамгершілігі мен ерекше мейірімі арқылы әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.